Басты Жаңалықтар Жауын-шашынды жасанды жолмен көбейту технологиясы іске қосылды

Жауын-шашынды жасанды жолмен көбейту технологиясы іске қосылды

Қазақстан климаттық технологиялардың жаңа кезеңіне қадам басты. Түркістан облысында жауын-шашынды жасанды жолмен көбейту жобасы іске қосылды. Бұл — Орталық Азиядағы алғашқы бастама. Жоба су тапшылығын азайтып, мыңдаған гектар егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысында су тапшылығы мен құрғақшылық мәселесі жыл сайын күрделеніп келеді. Әсіресе егіс маусымында ылғалдың жетіспеуі ауыл шаруашылығына айтарлықтай салмақ түсіреді. Ал іске қосылған тың  технологияның арқасында облыстағы 911 мың гектардан астам егістік алқапты қуаңшылықтан құтқарып қалуға болады. Жауыптылардың сөзінше жер емген диқан үшін бұл таптырмас дүние.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

Өңірде алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиялары саласында мұндай ауқымды жоба іске қосылып жатыр. Біз үшін бұл — ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастырудың бастауы. Жоба әлемдік жетекші сарапшылармен бірлесе жүзеге асырылуда және технологиялар трансфері мен қазақстандық мамандарды даярлаудың негізін қалайды.

Жоба аясында арнайы ұшақтар бұлт қабатына тұз негізіндегі реагенттер шашады. Соның әсерінен ауадағы ылғал қоюланып, жауын-шашынның түсу ықтималдығы артады. Технология толық қауіпсіз, тек нақты белгіленген аумақта қолданылады. Ал оның әсер ету радиусы 5 шақырымнан аспайды.

Әлжабери Ахмед Абдулла Ахмед Әли, БАӘ Ұлттық метеорологиялық орталығының бас ұшқышы:

Себуді бастамас бұрын біз алдын ала белгіленген координаттар бойынша ұшып, бұлттардың тығыздығын тексереміз. Одан кейін мәліметті операторларға жеткіземіз. Реагенттер шашылғаннан кейін бұлт тұрақты бақылауда болады. Дәл қанша минуттан кейін жаңбыр жауып бастайтынын нақты айту мүмкін емес, бірақ шамамен 5 минуттан 40 минутқа дейін созылуы мүмкін.

Алдын ала болжам бойынша инновациялық тәсіл жауын-шашын көлемін 10–20 пайызға дейін арттыруы мүмкін. Мұндай технология Қытай, АҚШ, Франция және Біріккен Араб Әмірліктерінде қолданылады. Қазір жоба Түркістан облысында сынақ режимінде жүзеге асырылып жатыр. Егер нәтиже тиімді болса, өзге өңірлерде де қолданылады.

Абдулла Әл-Мандус, БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президенті:

Бұл пилоттық жоба аясында біздің ұшақтар конвективті бұлттарға тұз негізіндегі реагенттерді себеді. Соның әсерінен ұсақ су тамшылары бірігіп, іріленіп, жауын түрінде жерге түседі. Жауын-шашын көлемі шамамен 20 пайызға дейін артуы мүмкін деп болжанып отыр. Сонымен қатар, бағдарлама білім беру бағытын да қамтиды. Екі ай бойы біз жергілікті мамандар мен ұшқыштарға осы технологияны қолдану бойынша дәрістер өткізіп, тәжірибе алмасамыз.

Жасанды жаңбыр су қоймаларын толықтыруға да ықпал етеді. Мамандардың айтуынша, технологияны тиімді тұтыну шығынды азайтып, жылына шамамен 35 млрд теңгеге дейін пайда әкелуі мүмкін.

Бөлісу