Қазақстан тарихының алтыншы томы бекітілді
Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеу бойынша редакция алқасының кезекті отырысы өтті.
Басқосуда кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған алтыншы томның қолжазбасы қаралды. Редакция алқасы мүшелерінің ұсыныстары негізінде жаңарған бұл томды авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева таныстырды. Ол туындының тұжырымдамасы, құрылымы мен мазмұны туралы баяндады. Қосымша редакциялық жұмыс барысында 120-дан астам ескерту мен ұсыныс назарға алынған. Жалпы алтыншы том 7 бөлімнен, 19 тараудан және 126 параграфтан тұрады. Авторлар ұжымының құрамына 70-тен астам ғалым мен зерттеуші енген. Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасованың, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Андрей Чеботаревтің рецензиялары тыңдалды. Ал редакция алқасының өзге мүшелері құнды еңбекке қатысты өз ой-пікірін ортаға салды. Отырыс қорытындысы бойынша редакция алқасы алтыншы томның қолжазбасын бекітіп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады. Келесі отырыста «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық басылымның ең соңғы – Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған жетінші томы қарастырылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы