Жас ұландар - елдің айбыны
Шымкентте Отан қорғаушы күні Қарулы күштердің 34 жылдығымен қатар аталып өтіп, әскери-патриоттық кешке ұласты. Ашық аспан астындағы алаңда офицерлермен бірге жас курсанттар да саптық шеруге қатысты. Ұландар жаттығуларын көрсетіп, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін паш етті. Салтанатты шараның әсерлі сәттерін әріптесім тарқатады.
Саптық шеруге қалалық горнизонға қарасты барлық бөлімдер қатысты. Сап түзеген сарбаздар үшін бұл жай шеру емес. Бұл жылдар бойғы қалтқысыз қызметтің, Отанға деген адалдықтың көрінісі.
Мақсат Ақшалов, С. Рахымов атындағы әскери колледждің директоры:
Бұл жерде біз әскер өмірінің саптық дайындығын, батырлығын, байсалдығын, қайсарлығын көрсетеміз. Өзім 1999 жылдан бері саптамын. Сол себептен осы мерекеге өте қатты қуанамын.
Айбек Әуесбек, әскери колледждің 2-курс ұланы:
Менің әкем де осы әскери қызметте. Бірінші сыныптан бері бұл менің арманым болып табылады. Әскери колледж осы менің болашақтағы әскери қызметке деген жолымды ашудың басты бір себебі. Басты арманым шебер сержант болу.
Мерекелік шарада жас сарбаздар қызмет барысында меңгерген дағдыларын көпшілікке паш етті. Қару ұстауды шебер меңгерген жас ұландар жауынгерлік дайындық пен қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін үйлесімді орындады.
Гүлмира Оспанова, «Желтоқсан ақиқаты» РҚБ қалалық филиалының төрайымы:
Тәуелсіз мемлекетіміздің тұтастығын, аумағын, біздің тыныш ұйқымызды күзетіп отырған, біздің мемлекетіміздің бейбіт күнін қамтамассыз етіп отырған әскери қызметшілерге құрметіміз шексіз.
Шерудің соңы мерекелік концертке ұласты. Жұртшылық әскерилерді мерекемен құттықтады. Ел алдындағы қызметі үшін алғыс білдіріп, естелік суретке түсті. Ал сарбаздардың туған туыстарымен қауышқан сәті көптің жүрегін елжіретті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы