Басты Жаңалықтар Бала қауіпсіздігі - басты назарда

Бала қауіпсіздігі - басты назарда

Шымкентке осы жылдың алғашқы үш айында 2 бала терезеден құлап, біреуі көз жұмды. Жазатайым жағдайлардың басты себебі қарапайым қауіпсіздік шараларының ескерілмеуі дейді мамандар. Орны толмас олқылықтың алдын алу үшін қайтпек керек?

Тұран шағын ауданының тұрғыны Виктория Шлыктың 2 жастан енді асқан қызы үй ішінде ойнап жүрген. Анасы ас бөлмесінде тамақ дайындап жатқан сәтте, бала жақын маңдағы заттардың көмегімен терезеге шығып, үшінші қабаттан құлап кеткен. Бүлдіршін дереу ауруханаға жеткізілген. Анасының айтуынша, бала бас ми жарақатын алып, соның салдарынан сол жақ қол-аяғы уақытша сал боп қалған. Қазір ем қабылдауды жалғастырып жатыр екен.

Виктория Шлык, қала тұрғыны:

Бір ай бұрын ғана болды. Бір сәтке ас бөлмесіне кіріп кеткен едім. Сол кезде көршілер шулап, баламның терезеден құлап кеткенін байқадым. Бірден жүгіріп шығып, жедел жәрдем шақырдық. Ауруханада дәрігерлер қарап, алғашқы көмекті көрсетті. Қазір емін жалғастырып жатырмыз. Ата-аналардан өтінерім, терезеге бекіткіш, тор орнатып, балаларды міндетті түрде қорғаңыздар. Бір сәттік бейқамдық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Виктория Шлыктың отбасы тұратын пәтерге Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері арнайы келіп, терезеге қауіпсіздік бекіткішін орнатып берді. Сонымен қатар мамандар Тұран шағын ауданының тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, терезе қауіпсіздігі бойынша жаднамалар таратты. Құтқарушылар қарапайым қауіпсіздік шараларының өзі қайғылы жағдайлардың алдын алатынын ескертіп, ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырды.

Ирисмат Махмұдов, қалалық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы:

Кішкентай балаларды бөлмеде ашық тереземен қалдыруға болмайды. Терезелердің астына жихаз орнатуға болмайды, себебі сол арқылы айнаға шығады. Москитный торларға сенбеу керек, сол тормен бірге түсіп кетуі әбден мүмкін.

Қалалық балалар ауруханасында былтырғы жылмен салыстырғанда биыл жарақат алған балалар саны артқан. Тұрмыстық жағдайлардан бөлек, көпқабатты үйлерден құлау деректері де тіркелуде. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайларда алынатын зақым ауыр болып, кейде оның салдары мүгедектікке дейін апаруы мүмкін. Сондықтан мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және терезе қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырады.

Болат Нұсқабаев, қалалық Балалар клиникалық ауруханасы нейротравматология бөлімшесінің меңгерушісі:

Осы сәуір айында жарақат алған балалар саны 5 мыңға жетті. 4-5 қабаттан құлаған балалар ауыр жарақат алады. Олардың мүгедек болып қалуы әбден мүмкін. Бас, ми жарақатының салдары өте көп қой.

Бейқамдық пен салғырттықтың салдарынан өткен жылы 5 бала терезеден құлап, оның 3-і көз жұмған. Ал биыл құлаған 2 бүлдіршіннің 1-і тіл тартпай кетті.

Ернұр Уәлихан, тілші:

Бір қарағанда қарапайым терезе. Дегенмен оның ар жағында әркім елей бермейтін үлкен қауіп тұр. Бір сәттік немқұрайлық соңы орны толмас олқылыққа соқтыруы бек мүмкін. Стаситикаға жүгінсек жаға ұстайсыз. Сондықтан қарапайым яғни мынадай бекіткіштің өзі  бір өмірдің арашасы екенін ұмытпағаныңыз жөн.
Бөлісу