Басты Жаңалықтар Алматыда қоғамдық орында отшашу атқандар анықталды

Алматыда қоғамдық орында отшашу атқандар анықталды

Алматыдағы саябақта отшашу атып, қауіпті жағдай туғызған құқық бұзушылар анықталды. Оқыс жағдай Махатма Ганди атындағы саябақта болған. Куәгерлердің айтуынша, кеше кешкі сағат 21:30 шамасында масаң күйде болған ер адамдар саябақтың дәл ортасында отшашу атпақ болған. Алайда бір сәтте пиротехника салынған қорап аударылып кетіп, отшашу аспанға емес, жан-жаққа атылған. Сол сәтте саябақта балалар мен қарт кісілер серуендеп жүрген. Қалалық полиция департаменті қоғамдық орында отшашу атқандарға қатысты тексеріс бастап, төрт ер адамға хаттама толтырды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы жан-жақты зерттеліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданады, - деді Алматы қалалық полиция департаменті.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
4 азамат, олардың барлығы полицияға жеткізілді. Төртеуіне қатысты Әкімшілік кодекстің 436-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, олар 30 АЕК мөлшерінде айып төлейді. Азаматтардың тыныштығын бұзуға ешбір жол берілмейді, әсіресе, қоғамдық орындарда.

Бөлісу