Басты Жаңалықтар Елімізде 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары енгізілетін егістік алқабының көлемі 1,3 миллион гектарға жетпек

Елімізде 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары енгізілетін егістік алқабының көлемі 1,3 миллион гектарға жетпек

Елімізде 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары енгізілетін егістік алқабының көлемі 1,3 миллион гектарға жетпек. Соның арқасында 2,2 миллиард текше метрге дейін суды сақтап қалуға мүмкіндік бар. Бұл туралы бүгін Экологиялық саммиттің соңғы сессиясында айтылды. 3 күнге созылған ауқымды жиын бүгін өз мәресіне жетті. Қағазға хатталып, қабылданған шешімдердің нәтижесін көпшілік алдағы уақытта көре жатар. Ауқымды іс-шарада талданып, талқыланған тақырыптарды Ернұр Медет түйіндейді.
Қазақстанның жері кең. Жаһан бойынша тоғызыншы территорияға жататыны белігілі. Ал ауыл шаруашылығына бөлінген жер телімі бойынша әлемде 6-орында тұрғанымызды біліп пе едіңіз? Осыдан-ақ экологиялық ахуал мен климаттың құбылуы ел үшін қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.
Осы себепті бұл жағдайға бей-жай қарау ағаттық. Экологиялық саммит ауыл шаруашылығына қарасты 200 млн гектар жер телімі бар біздің ғана емес, өзге де елдердің күнкөрісіне төнген қауіптің алдын алу үшін ұйымдастырылды. Ауқымды жиын ең алдымен өзара тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізді, дейді сала мамандары.
Гүлжаһан Бимендина, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді зерттеу институтының бас директоры:

Герман тәжірибесі біздің тәжірибеге өте ұқсас. Бір-бірімізге жақын. Өйткені топырақтың құнарлылығын тексеру, оның тұзданып келе жатқанын байқап, алдын ала тексеру,  жоба жасау бар. Біздің Қазақстанда да бұрыннан келе жатқан өзіміздің тәжірибеміз бар. Германияның тәжірибесі бізге ұқсайды екен. Германия қолданатын кейбір технологияларды қолдануға келісімге отырдық.

Жиында ғылымның рөлі алдыңғы қатарға шықты. Климатты болжау, су қорын есептеу, апаттардың алдын алу – барлығы деректерге сүйенген нақты талдауды талап етеді. Осы бағытта жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолдану ертеңгі тәуекелдерді алдын ала көрудің жолы.
Ләззат Рамазанова, «EcoJer» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы кеңесінің төрағасы:
Бүгін-ертең жасыл экономикаға көшсек, дәл осы өнеркәсіпте жүрген адами капитал қай бағытта дамуы керек, ертеңгі күні жұмыссыздар нарығын көбейту емес, болашаққа қызмет ететін нарыққа көшу керек. Барлығы әлеуметтік сұрақтарға тіреліп жатыр. Осы панельдік сессиялар сол үшін бізге қызық болды.
Валерия Хикки, Дүниежүзілік банк тобының қоршаған орта жөніндегі директоры:
Қазақстан осы бағытта маңызды диалог бастап отыр. Бұл бастамалар алдағы БҰҰ-ның су мәселесіне арналған саммитінде де жалғасын табады деп сенеміз. Ең жоғары деңгейде, министрліктер мен олардың командалары нақты әрекет етуге дайын. Бұл саммит Қазақстан мен Орталық Азия халқы өз болашағының негізі таза қоршаған ортаға байланысты екенін түсінгендіктен маңызды.
Үш күнге созылған саммитте 60-қа жуық панельдік сессия ұйымдастырылды. 100-ден аса сарапшы түрлі тақырып төңірегінде ұсыныс-пікірлерін айтты. 8 мемлекет басшысы бас қосқан жиын – ортақ пікірлер тоғысатын алаң. Мүдде ортақ. Сондықтан нәтиже де оң болуға тиіс. Себебі экология тыныш болмаса, экономиканың да дұрыс болуы екіталай.





Бөлісу