Басты Жаңалықтар Субсидияға қолы жетпеген 600 омарташының 200-і кәсібін тастап кеткен

Субсидияға қолы жетпеген 600 омарташының 200-і кәсібін тастап кеткен

Жамбыл облысында субсидия талаптары өзгерген соң өңірдегі 600 омарташының 200-і бұл кәсіппен айналысудан бас тартқан. Ал қалған омарташылардың жағдайы оңып тұрған жоқ. 2 жыл бұрын рәсімделген субсидия қаржысына әлі күнге қол жектізе алмай келеді. Аймақтың агро саласына жауапты басқарманың ара шаруашылығымен айналысатындарға 150 млн теңгеге жуық берешегі бар. Салдарынан қаржыдан қағылған шаруалар ара тұқымын асылдандыра алмай отыр.

Аймақ омарташыларына арасы бал бергенмен, агро саласы әлі күнге ақша бермей отыр. Әкелі балалы Григорий  мен Борис 40 жылға жуық көшпелі омарташылықпен айналысады. Шаңырақтағы кейінгі буын өкілі де атакәсіптің қыр-сырын ерте жастан меңгеріп келеді. Алайда арамен айналысу қолдау қаржысыз қиындап бара жатқанын айтады. 

Григорий Пастух, омарташы:

Қазір жағдайымыз мәз емес. Субсидия алғымыз келеді. Бірақ басқарма тарапы шаруалардың бұрынғы қарыздарын әлі жаппаған. Жуырда балам аралардың ағаш ұясын алу үшін 4 млн теңге шығындады. Біреусінің өзі 25-30 мың теңге тұрады. Бүгінде санын 700-ге жеткіздік, соның өзінде мемлекеттен берілетін субсидияға іліну қиын.

«Мал жаю» деген сөзді ата кәсіптің ақ таяғын ұстағандар айтатыны секілді, омарташылардың ортасында да «ара жаю» деген машақаты көп жұмыс бар. Көктем шығысымен күзге дейін көшіп жүреді. Өйткені ара бал беру үшін шөп гүлінен шырын жинап, тынбай тозаң қуалауы тиіс.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Осындай желді күні аралар алысқа ұша қоймайды. Жәшік айналасында ғана қанат қағады. Жалпы омарташылар араның еңбекқорын еселеп көбейту үшін алдымен асылтұқымды аналығын сатып алады. Сол үшін субсидия төленетін. Бірақ бүгінде қолдау қаржы өндірілген балға ғана берілетіндіктен бұл шығындарымызды жаппайды дейді.

Бүгінде аймақта ара шаруашылығымен айналысатын 400 кәсіпкер бар. Барлығы бұрынғы берешек жабылмай, сұралған субсидия берілмей отырғанына наразы.

Константин Кутасов, облыстық Омарташылар қауымдастығының төрағасы:

Былтыр аралар арасында пандемия жүріп, аралардың 80%-ы қырылып қалды. Жұмысшы араларды да, асыл тұқымды аналығын да алу үшін де қаражат керек. Жергілікті билік көмек қолын созбады. Субсидиялау талаптары да өзгеріп кетті. Содан 600-ден аса омарташысы бар облысымызда 200 адам бұл кәсіпті тастап кетті. 

Ауыл шаруашылығы басқармасы соңғы екі жылда агро салаға арналған субсидия қаржысы болмашы бөлінгендіктен омарташыларға жетпей қалды дейді.  2024 жылы небәрі 40-тан аса шаруаға 90 млн теңгені үлестіріп үлгерген. Ал былтыр бірде бір шаруа алмаған. Екі жыл бұрынғы қарыз есепшоттарына келер апта түспек.    

Нышаналы Телеуов, Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

2024 жылғы қарыз 113,7 млн теңгені құрап отыр, яғни 114 млн теңге. Ал 2025 жылғы берешек 33,7 млн теңге. Бірақ келесі айға жоспарда тұр, келесі айда төленетін болады 15-іне дейін. Ара өсірушілерге қатысты 150 млн-ға жуық ақша беріледі биыл.

Салыстырмалы түрде айтсақ, бір жыл бұрын ұядағы бір аналық араға 5 мың теңге төленген. Ал бүгінде бұл бағыт субсидияланбайды, тек балдың өзіндік құнын төмендету үшін келісіне 200 теңге төленеді. Сондықтан шаруалар ара санын көбейтуге төленетін талапты қайта қостыру үшін министрлікке хат жолдамақ.

Бөлісу