Басты Жаңалықтар Инклюзиядағы сын: Заң күшейтіліп, бақылау артады

Инклюзиядағы сын: Заң күшейтіліп, бақылау артады

Үкімет мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейтпек. Осы мақсатта Премьер-министр Олжас Бектенов заңға өзгерту енгізуді тапсырды. Енді бұл саладағы қолдау жүйесі нақты заңмен бекітіледі. Еңбек министрлігіне 1 қарашаға дейін жаңа тәсілдерге негізделген заңнамалық түзетулер әзірлеу міндеті жүктелді. Бүгін Үкімет отырысында осы инклюзивті саясатты жүзеге асыру шаралары қаралды. Рет-ретімен Самал Қабышева баяндайды.
Логопед, сурдолог, реабилитолог сынды мамандар жетіспейді. Салдарынан ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары айлап кезек күтуге мәжбүр. Ал мектептерде ондай балалармен жұмыс істеуге педагогтердің бәрі бірдей дайын емес.
Жұлдыз Сүлейменова,  ҚР Оқу-ағарту министрі:

2025-2026 оқу жылында елімізде ерекше білімді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар. Олардың 70 мыңы жалпы балабақша жасындағы балалар. Ал 165 мың бала мектеп жасындағы балалар екенін атап өтеміз.
Үкімет бұл жағдайды созбалаңға салмай, жүйені түбегейлі өзгертуді талап етіп отыр. Мұғалімдерге арналған оқыту курстары тұрақты форматқа көшіріледі. Ал 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің жаңа моделі енгізілуі тиіс. Премьер-министр Олжас Бектенов маман тапшылығы мен дайындықтың әлсіздігін сынға алды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бейімдеу барысында қағазбастылық пен көзбояушылық азаймай келеді. Сондықтан, Озық елдердің оң тәжірибесін, атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың үздік моделін құру тәжірибесін үйрену керек. Осы орайда өмірдің барлық кезеңінде мүмкіндігі шектеулі жандарға кешенді көмек көрсету бойынша нақты ведомствоаралық өзара іс-қимылды енгізу қажет.
Ал, саланың шығыны аз емес. 1 трлн теңгеден асады. Оның жартысынан көбі яғни, 571 млрд теңге мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға жұмсалады.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі енгізіледі. Бұл қызмет азаматтарды жұмыспен қамтығанға дейін проактивті сүйемелдейтін болады.Биылдан бастап 17 мыңға жуық мүгедектігі бар адамдарды квотамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
Қысқасы, жаңа жүйе -мүгедектігі бар азаматтарға жұмыс табуды жеңілдетіп қана қоймай, оларды нақты жұмысқа орналасқанға дейін толыққанды қолдауды мақсат етеді. Жалпы елімізде 750 мыңнан аса ерекше қажеттілігі бар азамат бар. Оның жартысынан көбі, яғни 56%-ы - еңбекке қабілетті жаста.
Елімізде теміржол саласында инклюзивті бағыт күшейтілуде. Алдағы жылдары барлық пойыз құрамдары арнайы вагондармен толықтырылады.2030 жылға қарай нақты талап енгізіледі: әр пойызда кемінде бір мамандандырылған вагон болуы міндеттеледі. Бұл арнайы вагондар ерекше қажеттілігі бар жандардың пойызға еркін кіріп-шығуына, қауіпсіз әрі ыңғайлы сапар шегуіне жағдай жасауға бағытталған.


Бөлісу