Басты Жаңалықтар Қазақстан «жасыл» энергетикаға көшуді жеделдетеді

Қазақстан «жасыл» энергетикаға көшуді жеделдетеді

Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндіру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл мұнайдан емес, қайта өңделген шикізаттан алынатын жаңа энергия көзі болмақ. Осы бағыттағы жобалар елдің «жасыл» экономикаға көшуін жеделдетеді. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған бизнес форумда айтылды. Жиынға қатысушылар энергетика, технология және өндірістік кооперация мәселелері кеңінен талқылады. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның жаһандық энергетикалық көшу үдерісіндегі рөлін жоғары бағалап отыр. Себебі елде табиғи газ қоры мол, ал жел мен күн энергетикасын дамытуға әлеует жеткілікті дейді.

Фабио Фрителли, «Nextchem» компаниясының басқарушы директоры:

Қазір көптеген инвестор табиғи газға қаржы салуды қарастырып жатыр. Себебі Қазақстанда бұл ресурс қолжетімді және оны энергетикалық өнімдерге айналдыруға болады. Сонымен қатар, ел «жасыл» экономикаға көшуге дайындалып жатыр. Болашақта бәсекеге қабілетті шешімдер ұсыну көзделген. Менің ойымша, Қазақстан ерекше жағдайда тұр: қазба отынға негізделген экономика мен таза энергияға негізделген болашақ экономиканың арасында көпір бола алады. Тіпті кейбір елдерге қарағанда мүмкіндігі жоғары.

Сондай-ақ, форумда инвестиция тарту және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту мәселесіне басымдық берілді. Өйткені, қазір Қазақстан нарығына ірі халықаралық компаниялардың қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, шикізатты терең өңдеу, биотехнология және өнеркәсіптік кооперация бағыттары алдыңғы қатарға шыққан. «Made in Kazakhstan with Italy» жобасы аясында италиялық компанияларды елге тартып, оларды жергілікті өндірістерге орналастыру жоспарланып отыр, дейді Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының вице-президенті.

Олжас Шынтаев, Италия – Қазақстан сауда қауымдастығының вице-президенті:

Меморондумның да бағыты сол трансфер технология яғни технологияда еуропалық технологияларды Қазақстанға бейімдеу. Бірақ, оны бейімдеу бір күнде болмайды. Ол көп зерттеуді талап етеді. Сол зерттеулердің нәтижесінде біз Қазақстанда жоғары технологиялық локализация яғни жергілікті өндірісті дамыту бойынша біршама алға жылжимыз.


Бөлісу