Рухани шараға түркі тілдес елдердің өкілдері қатысып, жұртшылықты жауһар жырларымен сусындатты. Аға толқын мен жастар бір сахнада өлең оқып, шығармашылық серпін алды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген және Әзірбайжан, Түркия, Татарстан, Қырғызстан Республикасының ақындары бірнеше күннен бері Сыр жұртшылығын маржан жырларымен тәнті етті. Шараның аты айтып тұрғандай, поэзияның биігіне шыққан кіл мықтылар жиналған. Өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар сөз мергендері тәлімді тіркестермен өрілген жырларын оқыды, ауылдың алты ауызы да айтылды. Ал Түркиядан келген Мехмет Нури Пармаксыз қонақ кәде жасады.
Мехмет Нури Пармаксыз, ақын (Түркия):
- Бұл фестивальге мен алғаш рет қатыстым. Керемет әсер алдым. Бір бірімізбен танысып жатырмыз. Бұл біз үшін, шығармашылық адамдары үшін өте маңызды. Алдағы уақытта да тығыз байланыста боламыз деп ойлаймын. Шара түркі дүниесінің тұтастығын тағы бір паш етті.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған мазмұнды шара ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына және ақын, әдеби сыншы, аудармашы Жарасқан Әбдірашұлының шығармашылығына арналды. Биыл фестивальдің ауқымы кеңейген. Түркі тілдес ақындар тек өлең оқып қана қоймай, бір-бірінің туындыларын талдап, өзара байланыс орнатуға мүмкіндік бар.
Асылзат Арыстанбек, ақын (Қызылорда):
- Біз сияқты жас ақындарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені біздің өсіп-өнуімізге, біздің үлкен дәрежеде көрінуімізге және осы түркі елдеріне танылуымызға бір өзінше бастау және бізге артылып отырған үміт деп есептейміз.
Бүгінгі шарада былтырғы «Ұлы дала үні» фестивалі қатысушыларының шығармалар жинағы мен Жарасқан Әбдірашұлының «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ, тағы бір жақсы жаңалық, жергілікті ақын-жазушылардың туындылары жыл соңына дейін татар тіліне тәжімаланып, оқырманға жол тартпақ.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ