Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті Бельгия жұртын тамсантты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті Бельгия жұртын тамсантты

20.05.2019

1988 жылы құрылған өнер ұжымы Брюссельдегі Бозағ орталығында алғаш рет өнер көрсетті. Талғамы биік еуропалықтардың назарына квартет әлемнің үздік классикалық шығармаларымен қатар, қазақ музыкасының жауһарларын да ұсынды. Концертті еліміздің Бельгиядағы елшілігі мен S.Y қайырымдылық қоры бірігіп ұйымдастырды.

КСРО-ның Халық әртісі, композитор Ғазиза Жұбанова кезінде «осы квартет Қазақстанның камералық өнерін әлемде лайықты дәрежеде көрсетеді», деп сенім артқан еді. Ұстаздың сол сенімін шәкірттері ақтады. Өнер ұжымы талай халықаралық байқаулардан жүлделі оралып, АҚШ пен Батыс жұртын тамсантты.

Ернар Мыңтаев, Ғ. Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі:

- Қазақстанда, қазақ елінде осындай әлемдік деңгейдегі мына классикалық музыкада жоғарғы деңгейде көрсететін ұжымдар бар. Қазақ ұлты өте дарынды, талантты ұлт дегенді көрсету. Қазақтың мәдениетін, қазақ композиторларының шығармаларын, музыкасын дәріптеу, таныту - мақсатымыз.

Виолончельші Ернар - квартеттің негізін қалаушылардың бірі. Ал, Айдар, Алексей мен Бекзат - өнер бірлестігінің төртінші буыны. Талантты жастар Гайдн мен Мендельсонның ең қиын туындыларын шебер орындады. Ғазиза Жұбанованың ішекті аспаптарға арналған бірінші квартетін Еуропа жұртына таныстырды.

Жан де Брабандер, Мальтаның Бельгиядағы құрметті консулы:

- Бұл мен үшін тосынсый болды. Өйткені мен қазақ композиторларының классикалық туындыларын бұрын-соңды тыңдап көрмеп едім. Ғажап шығармалардан қазақ даласында шауып бара жатқан жылқылардың дүбірін сездім.

Екі сағаттық концерттен рухани азық алған көрермен таланттарды қайта-қайта «биске» шақырып, қошаметті жаудырды. Қанаттанған музыканттар Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын», Құрманғазының «Адайын» құйқылжыта орындап, көпшіліктің таңдайын қақтырды. Қазақ елін, өнерін жаһанға паш етіп жүрген квартеттің гастрольдік сапары енді Гаага мен Венада жалғасады. Ал, S.Y қайырымдылық қоры осы концерттен түскен қаражатты Қазақстанның өзге де таланттарының шетелдегі концертін ұйымдастыруға жұмсамақ.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу