Басты Жаңалықтар Құндылық пен көшбасшылық: Мамандар кеңесі

Құндылық пен көшбасшылық: Мамандар кеңесі

Қазір қоғамда ананың рөлі тек отбасы шеңберімен шектелмейді. Ол – тәрбиеші, кәсіпкер, әрі қоғамның белсенді мүшесі. Бүгін Алматыда «Ана – өмір шуағы» атты диалог алаңы өтті. Шарада қыз-келіншектердің дамуы, отбасы құндылықтары мен психологиялық тепе-теңдік мәселелері талқыланды.

Алматы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы Қоғамдық даму орталығының  ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекенім» жобасы аясында ерекше шара өтті. Мақсаты – аналардың тек жанұядағы ғана емес, қоғамдағы орнын да нығайтып, олардың құқықтық, әлеуметтік және психологиялық сауаттылығын арттыру.

Исмаил Нұрислам, «Жауһар» ҚҚ директоры:

Бұл жерде біз әртүрлі отбасылық психологтарды шақырдық және заңдық тұрғыдан әйел өзінің құқығын қорғау мақсатында әртүрлі спикерлер шақырдық. Енді алдағы уақытта әкелерге арналған осындай диалогтық алаң ұйымдастырамыз.

Ашық алаңға заңгерлер мен психологтардан бөлек, көпбалалы аналар да жиналып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға шабыт берді. Соның бірі  «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, 8 баланың анасы Майра Әбдіғалиқызы.

Майра Әбдіғалиқызы, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

8 баламен де бизнесті де жүргізуге болады, өзіңе де қарауға болады, балалардың денсаулығына да, дамуына да, жолдасымызбен қарым-қатынасқа да барлығын әдемі үйлесімде ұстап отыруға болатынын көрсеткім келеді.

Мамандар, дәл осылай заман көшінен қалмай, отбасы мен көшбасшылық қабілетті дамытудың өзектілігін алға тартты. Бастысы студенттерге қиындықтарға қарамастан, дұрыс  мақсат қоюдың маңызды екенін түсіндірді.

Зарина Елбаева, психолог:

Приоритетті дұрыс қою арқылы, ойыңа нақтылық, жаныңа тыныштық бер. Әрекетіңді саналы түрде сенімділікпен жаса. Осы жерде кеңесім: қиындық туды ма, өзіңе жауапкершілік ал, қалай шеше аламын? Егер сен осы жерде өзіңе көмектесе алатын болсаң,сен отбасыңда өзіңе де, ата-анаңа, балаңа да, жолдасыңа да көмек бере алатын боласың.

Мамандар мұндай кездесулер қоғамдағы отбасы институтын нығайтып, ата-ана мен бала арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді, - дейді.


Бөлісу