5 жылда отандық ғылымға бөлінген инвестиция 6 еседен асты
Соңғы бес жылда отандық ғылым саласына бөлінген инвестиция көлемі алты еседен асты. Ғылым мен инновацияны дамыту – мемлекеттің маңызды әрі стратегиялық бағыты. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін түрлі қаржы құралдары енгізіліп жатқанын атап өтті. Ғылыми жобалардың коммерциялану деңгейі қандай? Мемлекет тарапынан қолдау тетіктері қаншалықты маңызды? Жазира Оразқызы баяндайды.
Ғылым саласының қарқынды дамуы қаржылай қолдауға тікелей байланысты. Мемлекет те білім мен ғылымды басты бағытқа айналдырып, жаңа технологияларды енгізу мен цифрландыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Осындай қолдау ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер беріп, олардың тың идеяларды жүзеге асыруына серпін берді.
Мейрам Атаманов, PhD, жетекші маман:
Литий-ионды батареяларды өңдеу. Бұрынғы технологиялар болса, оларды көп ерітетін, 1-2 апта, қазіргі технологиялар бойынша 5-6 минутта таза никель, кобальт, марганец сияқты металдарды жедел түрде аламыз.
Премьер-министр де биылдан бастап ғылыми әзірлемелерге салынатын жеке инвестицияларды ынталандыру үшін шығыстардың 300 пайызына дейін елеулі салық жеңілдіктері қаралғанын атап өтті. Сондай-ақ саланы қаржыландыру құралдары кеңейіп, ғылыми жобаларды қолдау шаралары күшейтіледі.
Сейітхан Азатұлы, PhD, профессор:
Ғылымға салынып жатқан ақша біртіндеп өзінің нәтижесін беріп келе жатыр. Біздің жасаған зерттеулеріміз, жеткен жетістіктеріміз әлем елдерінің назарын біртіндеп аударып жатыр деген сөз. Ғылым – бұл мемлекеттің болашағы, ұзақ жылдар бойында нәтижелер беруі мүмкін.
Жыл сайын отандық ғылымға 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Соңғы 5 жылда республикалық бюджеттен салаға бағытталған қаражат 6 есеге өсті. Елімізде 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етеді. Қаржыландыру көбейген сайын тың жобалар да артып,өндірісте кең қолданылып жатыр. Бұл отандық ғылымның біртіндеп ел экономикасына пайда әкеліп жатқанының айқын белгісі дейді ғалымдар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы