Шымкентке шетелден ем іздеп келетіндер көбейді
Шетелден Шымкентке ем іздеп келетіндер көбейді. Өткен жылы ауруы асқынған 70-ке жуық науқас мегаполисте ота жасатқан. Дертіне шипа тапқандардың дені - Орталық Азия елдерінің азаматтары. Сондай-ақ Эстония, Түркия, Литва тіпті Швейцариядан келгендер де бар. Мамандардың айтуынша медициналық қызметтің сапасы мен бағасы шетелдіктердің көптеп келуіне ықпал еткен.
Тәжікстандық Устохает Чебачиевті 10 жыл бойы бас ауруы мазалап келген. 54 жастағы азаматтың дерті асқынған соң диагноз қойдыру үшін Ресейге жолға шыққан. Алайда Қызылорда облысында жағдайы нашарлап, Шиелі аудандық ауруханасына ауыр хәлде түскен. Жергілікті дәрігерлер тексере келе оның миында қатерлі ісік барын анықтаған. Шұғыл ота жасау үшін науқас Шымкентке жеткізілген.
Устохает Чебачиев, Тәжікстан азаматы:
Тәжікстанда қанша жыл емделдім. Бірақ одан нәтиже болмады. Диагнозымды нақты таба алмады. Салдарынан қосымша ауру таптым. Тәжікстанның бас нейрохирургы осы Шымкентке келіп ота жасатуға кеңес берді. Операция жасады, қазір жағдайым жақсы. Жақын күндері еліме қайтамын. Бала-шағаммен аман қауышатыныма қуаныштымын. Мұндағы дәрігерлерге рахмет.
Миға жасалған ауыр операция 4 сағатқа созылған. Бұл адам ағзасына жасалған ең күрделі әрі қауіпті ота, себебі мидың осы бөлігі ойлау және сөйлеу қабілетіне тікелей жауап береді дейді мамандар. Қатерлі ісікті дәрігерлер дер кезінде сылып тастады, нәтижесінде науқас 3 күнде аяққа тұрды.
Еркін Медетов, Шымкент қаласының штаттан тыс бас нейрохирургы:
Ісігі толық алынып, қазір отадан кейін құрысу ұстамаларының барлығы басылды. Сол жақ маңдай аймағы болғандықтан, науқаста сөз бұзылуы, одан бөлек ойлау бұзылыстары болған. Солардың барлығы толық дерлік қалыпқа келді.
Шымкентте соңғы жылдары күрделі әрі жоғары технологиялық операциялар тұрақты түрде жасалады. Дәрігерлер ағза трансплантациясын 13 жылдан бері шетелдік мамандардың көмегінсіз жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында бүйрекке 200-ден астам операция жасалып, оның 95 пайызы сәтті өткен.
Жайсаң Бегайдар, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының м.у.а.:
2026-2029 жылдарға арналған арнайы жол картасы әзірленді. Аталған жол картасында медициналық қызметтердің сапасын арттыру, жоғарғы технологиялық көмекті кеңейту, шетелдік және өңірлік пациенттерді мед туризм саласына тарту бойынша нақты шаралар көзделген.
Айта кетейік, былтыр қалада 160-тан астам шетелдік медициналық көмекке жүгінді. Дертіне шипа тапқандардың қатарында Түркия, Эстония мен Литва тіпті Швейцария елдерінің азаматтары бар. Мамандардың айтуынша, біздегі медициналық қызметтің сапасы мен бағасы шетелдіктер үшін тартымды болып отыр. Өйткені көршілес Ресейде дәл осындай жоғары технологиялық операциялар үш есе қымбатқа түседі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы