«EQUUS: Жылқының тарихы» фильмі ЮНЕСКО-да көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«EQUUS: Жылқының тарихы» фильмі ЮНЕСКО-да көрсетілді

29.04.2019

Тұсаукесер еліміздің Франциядағы елшілігі мен ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қазақстан мен Канада бірігіп түсірген деректі фильмде жылқының алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгені, адамзат пен киелі жануардың қарым-қатынасы, ежелгі көшпенділер мәдениеті кеңінен баяндалады. Ғылыми-танымдық туындыны ЮНЕСКО өкілдері, Франция жұрты жоғары бағалады.

Бие байлау, қымызмұрындық, айғыр қосу. Қазақтың жылқы өсіруге қатысты осындай көктемгі салт-дәстүрлерін ЮНЕСКО былтыр адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізген. Биыл мәртебелі ұйым өкілдері киелі жануардың алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені жайлы фильм түсірілгенін естіп, көруге қолқа салыпты.

Асқар Әбдірахманов ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілінің орынбасары:

- Осы тамаша фильмді ЮНЕСКО-да көрсету - біз үшін үлкен абырой және қазақ халқының, қазақ жерінің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесінің тамаша бір амалы.

Нада Аль-Нашиф, ЮНЕСКО Бас директорының әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бойынша орынбасары:

- ЮНЕСКО-да бұл үлкен резонанс тудырған шара болды. Себебі жылқының қолға үйретілуі-өркениеттің дамуына септігін тигізіп, халықтар қатынасының нығаюына жол ашты. «Жібек жолы» жобамыз аясында көрсетіліп отырған фильмде адамдар арасындағы қатынастың дамуы, идеялардың таралуы, жалпы адамзаттың тарихы керемет көрсетілген.

6 мың жыл бұрын қазақ даласын мекендеген Ботай жұрты жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, атбегілік мәдениетті қалыптастырған. Фильмде сайын даланы жортқан көшпенділер мен олардың бүгінгі ұрпағының тұрмыс-тіршілігі де шебер сомдалған.

Бәйгеге қосатын жүйрік арғымақ, алыс жолға төзімді қазанат пен сүті мен еті үшін өсіретін жабы. Әрқайсысын ерекше күтіп-баптайтын қазақтың киелі жануарға деген махаббатына көпшілік тәнті болды. «Қамбар ата түлегінің қадіріне қазақтай ешкім жетпес», -дейді британдық археолог Алан Аутрэм.

Алан Аутрэм, Ботай қорымын зерттеуші археолог:

- Археолог ретінде Ботай қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы керемет жобаға атсалысу мен үшін үлкен мәртебе. Қыш ыдыстардың түбіндегі май қалдықтарынан қымыздың ДНК-сын тапқанда қатты таңқалдым. Демек, 5500 жыл бұрынғы Ботай халқы да бие сүтінен қымыз ашытқан. Фильмде қазақтың мал шаруашылығымен шебер айналысқаны, айналысатыны керемет көрсетілген.

ЮНЕСКО-ға мүше 182 мемлекеттің өкілі, Францияның қоғам қайраткерлері, дипломаттар мен қазақ диаспорасының мүшелері туындыны тапжылмай тамашалады. Ұлы даланың таңғажайыптарымен танысқысы келетіндерді еліміздің Франциядағы елшісі, ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Жан Ғалиев Қазақстанға сапарлауға шақырды. Үш сағаттық фильмді түсіруге ат салысып, оны Еуропа жұртына таныстырып жүрген туындының тең продюсері, зерттеуші Нұрбол Баймұхан мен археолог Аланға көпшілік қошаметін жаудырды. Ғалымдар жылқыны зерттеуді әлі де жалғастырмақ ниетте. Ал, Францияда жоғары бағаға ие болған туынды енді Мадридте испандықтардың назарына ұсынылады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу