Қызылордада Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті

29.04.2019

Қызылордалықтар қайталанбас дара өнер иесі, әнші-композиторға арнап қойылған ескерткіш жанына жиналып, Батырдың сазды да мәнді әндерін орындады.

Бұл - Батырханның балалық шағының куәсі болған саябақ. Былтыр дәл ортасына еңселі ескерткіш қойылған. Ал бүгін әншінің туған күнінде Сыр жұрты осында келіп, сыршыл әуезге елтіп, сүйікті ұлын еске алды.

Сәбит Ұлықпан, сазгер:

- Бұл ұрпақтарға үлгі деп есептеймін. Батырханды тыңдап өстік.

Өмірін әнмен өрнектеген Батырхан қазақтың ғана емес, әлемнің әншісі болды. Осыдан 4 жыл бұрын, көктемде ғазиз жүрек тоқтады. Бірақ, оның есімі, әуелеген әндері ешқашан өлмейді.

Мүсірәлі Шүкенов, Батырханның ағасы:

- Мен ойлаймын, Батырхан өлмейді. Тірі. Арамызда. Әндерін орындап жатыр. Рахмет айтамыз.

Валерий Дубровский, музыкант:

- Батыр туралы көп айтуға болады. Ол қайталанбайтын адам. Батырдың әндері джаз-прок жанрында. Ал, ол жанр - өте қиын жанр. Кез келген адам оны игере алмайды. Батыр өте талантты еді.

Алаштың ұлы, қазақтың Батырханы елі барда ешқашан ұмытылмайды.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу