Басты Жаңалықтар Ағымдағы шоттағы қаражатқа сыйақы төленеді

Ағымдағы шоттағы қаражатқа сыйақы төленеді

Енді банктер тұтынушыларға ағымдағы шоттағы қаражат үшін сыйақы төлейді. Заңға енгізілген өзгеріс 19 наурыздан бастап күшіне енеді. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 1 пайыздан аспауы тиіс. Қосымша қаражат тек теңгемен ашылған шоттарға аударыла ма? Жүйе айналымдағы ақшаға сыйақыны қалай есептейді?

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Иә, енді елміздегі 23 екінші деңгейлі банк әрбір тұтынушыға 1 пайыздан аспайтын сыйақы төлейді. 7 жылдан кейін қайта заңға енгізілген өзгерісті әр банк әртүрлі қолдануы мүмкін. Мәселен, кейбір банктер тұп-тура 1 пайыз сыйықы төлесе, кейбірі оның мөлшерін азаята алады. Бастысы  клиенттер келісімшартқа отыруы тиіс. Әйтпесе қосымша қаражаттан қағылуыңыз мүмкін.

Алмат Орақбай, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы:

Барлық тұтынушыға бірдей пайыздық мөлшерлеме есептелмейді. Яғни ол жекелеген клиенттердің таңдауына байланысты. Азаматтарға шаққанда жергілікті қазақстандықтар мен шетел азаматтарының арасында құжат жүзінде арнайы өзгерістер жоқ. Яғни, оларға берілетін талаптар мен міндеттер бірдей десе болады.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Яғни,  келiсiмшартта сыйақы нақты ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет төленеді деп көрсетіледі. Мәселен, ағымдағы шотыңызға бір жылдың ішінде 1 миллион теңге түссе, жыл соңында 10 мың теңге сыйақы алуыңыз мүмкін. Ал банк ай сайын аударуды көздесе, есеп мынадай болады: мысалға, осы айда шотыңызда 500 000 теңге болса, онда жылдық 1 пайыз 12 айға бөлінеді. Сәйкесінше, сыйақы сомасы 41,667 теңге тең болады. Экономистер ақшаны ағымдағы шотта сақтаудың нақты мерзімі болмаса да, бұдан банктер ұтпаса, ұтылмайды дейді.

Мақсат Халық, экономист:

Қаражатты сіз депозитке салып қойсаңыз, сіз онда көбірек пайыз көресіз. 16-20 пайыз. Неге олай жасамасқа? Бірақ депозитте шарт бар, 14 күн ұстау керек. Егер 14 күнге дейін қайтып шешіп алсаңыз, онда оның өзіні тиісті комиссиялары бар. Ал бұл сіз жинақтап қалған, ұстап қалған әрбір тиынға үстінен қосылатын сыйақы. Банктер ұтылып қалмай ма? Ешқандай да ұтылмайды. Әрбір шотта тұрған қаражат банктің қолындағы қаражат.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Әзірге банктердің тұтынушыларға нақты қандай талап қоятыны белгісіз. Бір анығы - бұдан кейін банктер арасындағы бәсеке қыза түседі дейді мамандар. Айта кетейін, енді жаңадан шот ашатын кезде келісімшартта бұл талаптар көрсетілсе, онда банктер пайыздық сыйақыны төлеуге міндетті. Ал ескі шоттар бойынша екі жақ қайта келісімге отыруы тиіс. Айта кетейік, қазір банктердегі азаматтардың ағымдағы шотында 3 трилиион теңгеден астам сома жатыр.
Бөлісу