Басты Жаңалықтар Кәсіпкерлер жаңа салық жүйесіне толық көшті

Кәсіпкерлер жаңа салық жүйесіне толық көшті

Жаңа салық режимін қайта таңдау бойынша өтпелі кезең аяқталды. Енді ай сайын патент алып, алдын ала салық төлеу тоқтатылды. Сондай-ақ 265 мың адам «көлеңкелі» экономикадан шығып, «өзін-өзі жұмыспен» қамтып отыр. 

5 жылдан бері бірнеше пәтерін жалға беріп, пайда тауып жүрген алматылық кәсіпкер Дамира Серікқызы биыл «жеке кәсіпкер» ретінде тіркеліп, «арнаулы салық» режимін таңдаған. Енді бұрынғыдай ай сайын патент алып, салықты да алдын ала төлемеймін дейді. 

Дамира Төлендиева, кәсіпкер:

Арнайы салық режиміне өттім. Себебі ол маған ыңғайлы және жылдық айналым маған тиімді.

Бұл жеңілдетілген салық режимін еліміз бойынша 1 миллион 200 мыңнан астам кәсіпкер таңдап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда 300 мыңға аз. Десе де, қалған іскерлер «жалпыға бірдей» салық тетігін және «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» қатарын толықтырған. Мәселен, бұрын «арнаулы салық режимін» қолданған 116 мың жеке кәсіпкер салықтың «жалпы» түрін таңдаған. Ал 17 мыңы бірден осы режимді белгілеген. Сондай-ақ 236 мыңнан астам іскер нақты режимді таңдамағандықтан,  автоматты түрде «жалпыға» өтті. Осылайша, бұрын «жалпыда» болған 476 мың кәсіпкердің қатары 369 мың бизнес өкілімен толықты. Ал егер олар қайта «арнаулы салық» режиміне ауысқысы келсе, кірістер комитеті шектеу қоймаймыз деп отыр.

Ұлдана Сүлеймен, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма маманы:

Арнаулы салық режиміне көшу үшін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы қажет. Салық кодексінің 716 бабына сәйкес, қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама берілген күн режимді қолданудың басатылатын күні болып саналады. Салық төлеушілер режимге қарамастан, кез келген уақытта қызметін тоқтата алады.

Сарапшылар кей жағдайда «жалпыға бірдей» салық режимі «арнаулы салық» түріне қарағанда тиімді екенін айтады. Өйткені «арнаулы салықты» таңдаған кәсіпкерлер кірістің 3-4 пайызын түгел аударса, «жалпымен» жұмыс істейтіндер тек таза табыстың 10 пайызын қазынаға аударуға міндетті. Ал ірі компаниялардың көбі бірге жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлерге дәл осы «жалпы режимге» өтуін сұрайды. Оның себебін салық сарапшысы  былай түсіндірді.

Раушан Тасшойынова, қаржыгер:

Салық кодексінде жаңа бап енгізілді. Онда «оңайтылған режиммен» жұмыс істейтін кәсіпкерлер үлкен бизнеспен жұмыс жасағанда, үлкен бизнес жеке кәсіпкерлердің қызметін өзіне шығын ретінде ала алмайды және өзінің жеке табыс салығын азайта алмайды. Сондықтан бұл заңмен ешқандай шектеу жоқ.

Салық реформасынан кейін бұрын көлеңкеде болған 265 мыңнан астам адам заңды түрде тіркелді. Қазір такси, шаштараз сияқты 40 түрлі қызмет көрсететін, «өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың» саны 346 мың адамға жетті. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейді, жеке табыс салығынан босатылған.


Бөлісу