Биыл Ілияс Жансүгіровтың туғанына - 125 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Ілияс Жансүгіровтың туғанына - 125 жыл

24.04.2019

Қазақтың дүлдүл ақыны, «поэзия Құлагері» Ілияс Жансүгіровтың туғанына биыл - 125 жыл. Осыған орай қаламгердің туған жерінде мерей тойға дайындық қызу жүріп жатыр. Жетісу жерінде «Жансүгіров тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осылайша ақын өмірі мен шығармашылығының ақтаңдақ тұстары ашылып, бұрын-соңды жарыққа шықпаған туындылары оқырманға жол тартпақ.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алар кемеңгерді». Жетісу жұрты Жансүгіровтың осы сөзін ту етіп, жыр жүйрігін еске алды. Ескерткішіне гүл қойып, өлеңдерін оқыды.

Мұратбек Иманғазинов, профессор, ілиястанушы:

- «Рүстем қырғыны», содан кейін «Бақытты Жамал», «Мұзқала», «Исатай-Махамбет» пьесасы, «Мақпал» пьесалары. Бірқатары, біреуі бар, біреуі мүлдем жоқ. Аттары бар тізімде жазылған, бірақ сол кітаптары шықпай қалды, жоғалып кетті.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғалымдары дәл осы жоғалған дүниелердің біразын іздеп тапты. Өңдеді. Мерейтой аясында 25 томдық кітап ретінде шығармақ. Ақынның ұрпақтары да ізденіс үстінде. Қолда бар туындыларын шет тілдерге аударып әлемге танытудың қамымен жүр.

Ақынның аруағына құран бағышталып, ас берілді. Мерейтойдың басы қасында жүретін азаматтар аға буын өкілдерінің батасын алды. Зиялы қауым өкілдері бұл тек Ілияс Жансүгіровтың ғана емес, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің де мерейтойы. Бір жылда туып, бір күнде атылған Алаш зиялыларына деген құрмет.

 Нұртілеу Иманғали, Қазақстанның құрметті журналисі:

- Ілиястың біз білетін 4 поэмасы бар. Енді біз білмейтіні де көп. Ол Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті архивінен табылып жатыр. Ілиястың біз білмейтін журналистік шығармалары, журналистік ізденістері мен жазулары ұшаң теңіз екенін біліп жатырмыз.

Қаламгердің 125 жылдығына ақынның кіндік қаны тамған Ақсу жұртшылығы да қызу дайындалып жатыр. Көшелері абаттандырылып, жолдары жөнделіп, халық абыр-сабыр. Ақындары айтысып, тұлпарлары сайысып, палуандары белдескен дүбірлі той қыркүйекке жоспарланды.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу