Басты Жаңалықтар Ресей кәсіпкерлері ₽7.5 триллион шығынға ұшырады

Ресей кәсіпкерлері ₽7.5 триллион шығынға ұшырады

Былтыр 11 айда ресейлік кәсіпкерлер 7.5 триллион рубль шығынға ұшыраған. Елде 30 мыңға жуық компания жабылды. Бұл пандемия кезеңінен кейінгі рекордтық көрсеткіш, - дейді экономистер. Санкция салқынын сезген Ресейде тағы инфляция артып, қымбатшылық жайлаған.

Дағдарысқа әсіресе мұнай өнімдерін шығару, металлургия, көтерме сауда мен пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын компаниялар ұшыраған. Құрылыс саласында да табыстан шығын көп, дейді кәсіпкерлер. Мысалы, кей салада салық бір жылда 22 есе өскен. Бір жыл бұрын 90 мың рубль салығы болған кәсіпорын биыл 2 миллион рубль төлеуге міндеттелген. Санкция салқыны барлық салаға кері әсерін тигізді.

Наталья Суматова, қаржы сарапшысы:

Бизнес жан-жақтан қысым көріп жатыр. Кәсіпкерлер үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесі 28 пайызға дейін өскен. Оған салықтық жүктеме қосылды. Себебі былтырдан бері табыс салығы 20 пайыздан 25 пайызға өскен. Алдағы уақытта да бизнес жабылып, банкрот саны ұлғаяды.

Отандық компаниялардың шығындары жылдан жылға ұлғаюда. Мәселен, 2023 жылы кәсіпкерлердің шығыны 4 триллион рубльдың айналасында болса, 2024 жылы 7 триллион рубльге жеткен. Яғни Ресейге қарсы санкция күшейген сайын, кәсіпорындардың табысы азайып, банкротқа ұшырауда. Оған қоса қажетті жабдықтарды импорттауға, тауарды экспорттауға мүмкіндік жоқ. Логистика бұзылған. Мәселен Еуропадан қажетті бір бөлшекті алу үшін Ресей үшінші елдер арқылы тасымалдайды, сондықтан құны да өседі.

Дмитрий Журавлев, Аймақтық мәселелер институтының қызметкері:

Кейбір мәселелерді тез арада шешу мүмкін емес. Бұл экспортқа қатысты. Қайтадан логистиканы ретке келтіру үшін бірнеше жыл керек. Осыған дейін параллельді импорт арқылы тасымалдауға мүмкіндік бар еді, алайда бұдан былай үшінші елдерге де Ресейге тауар сатуға шектеулер қойылды.

Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдау үшін жүзден астам мемлекеттік шара қабылдады. Дегенмен, бұның өзі нәтиже бермей отыр, дейді сарапшылар. Өйткені бюджет тапшылығы өсті. Алдағы айларда елде көлеңкелі бизнес артып, тұрғындар қолма қол төлем жүйесіне көшеді деген болжам бар. Ұлттық банк болса, биыл тағы базалық мөлшерлемені көтермек.


Бөлісу