Басты Жаңалықтар Шымкентке 4 миллион тал гүл егеді

Шымкентке 4 миллион тал гүл егеді

Шымкент көшелеріне биыл 4 миллионға жуық гүл егіледі. Бұл мегаполис үшін рекордтық көрсеткіш болмақ. Қазір жылыжайларда әр көшет ерекше күтіммен бапталып, егуге қызу дайындық жүріп жатыр. Тақырыпты тілші тарқатады.

Бұл жылыжайда агрономдар мен жұмысшылар гүлдерге ерекше күтім жасайды. Әр көшеттің тұқымын қолдап егіп, оған қажетті тыңайтқыштар мен дәрумендер мөлшермен беріледі. Мамандардың айтуынша, осылай бапталған гүлдер  далаға тез бейімделіп, ұзақ уақыт бойы көшеге көрік береді.

Ернұр Уәлихан, тілші:

Біз еккелі жатқан гүлдің аты катарантус деп аталады. Бұл ыстыққа төзімді бір жылдық гүл болып есептеледі. Жайқалып шыққанда биіктігі 25 см жетеді. Мұндағы ауа температурасы да қатаң бақылауда. Қазір бұл жерде 34 градус жылыны көрсетіп тұр. Мамандардың айтуынша бұл гүлдердің ерте өсіп жетілуіне мүмкіндік береді.

Сандуғаш Ташболатованың  гүлмен айналысып келе жатқанына 10 жылға жуықтапты. Бағбан жақсы күтіммен өсірілген көшеттер қарашаға дейін өз көркін сақтайды. Бастысы – гүлдер толық жетіліп, күш жинап алса болды, дейді.

Сандуғаш Ташболатова, жылыжай қызметкері:

Ұрығын шашып, дәрі дәрмек беріп, сөйтіп сәуір айында дайын қылып, егуге далаға шығарамыз. Музыка қойып қойсаңыз да болады. Бұмен әңгімелесеміз, келіп бірсыпыра айналып әңгіме айтамын, бұлар да адамды тыңдайды.

Қала көшелеріне гүл егу жұмыстары наурыз айында басталады. Биыл жалпы шымқала аумағындағы саябақтар мен гүлзарларға түрлі сұрыптағы 4 млнға жуық гүл отырғызылады. Бұл рекордтық көрсеткіш болмақ.

Айдос Қуанышов, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы:

Біз биыл Шымкент қаласы аумағына 1 млн 600 көпжылдық гүлдер егуді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, 2 млн біржылдық гүлдер егеміз. Жылда егіп жүрген петуния гүлдері түрлі түсті болады. Сонымен қатар біз қала аумағына 1 млн 600 қызғалдақ гүлін ектік. Шымкент қаласының символы ретінде біз жыл сайын егеміз.

Былтырғы аптапта қаладағы гүлдер мен ағаштар шыдамай бірқатары қурап қалған. Биыл осындай жағдайды қайталамас үшін шетелден ыстыққа төзімді жаңа өскіндер әкелінген.

Қалмұрат Сайданов, агроном:

Биыл Ресейден де гүлдер әкеліп, тәжірибе жүзінде қаламызға егуге дайындап жатырмыз. Суыққа төзімді гүлдер бар. Вегетация уақыты ұзақ мерзімге шыдайтын гүлдер. Біздің оңтүстігіміз ыстық болғандықтан, ыстыққа да шыдамды гүлдердің сорттарын таңдап алып келіп егіп жатырмыз.

Шымкенттегі жасыл желекті 6 мердігер мекеме қадағалайды. Гүлдерді өз қаражатына отырғызып, кейін бюджет есебінен маусым бойы баптайды.


Бөлісу