Басты Жаңалықтар Қазақстан тарихының көптомдығын безендіру дизайнының тұжырымдамасы талқыланды

Қазақстан тарихының көптомдығын безендіру дизайнының тұжырымдамасы талқыланды

Бүгін Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.

Басқосуда Ерлан Қарин соңғы жылдары отандық ғылым көп ғасырлық шежірені зерделеу үшін біраз еңбек еткенін атап өтті. Бұл қоғамның бірегейлігі мен тарихи жадының тұтастығын қалыптастыруға ықпал етеді. «Сондай-ақ жаңа Конституция жобасының преамбуласы да –  бірегейлігімізді нығайтудың маңызды факторы,  онда Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы нақты көрініс тапқан», - деді Мемлекеттік кеңесші. Отырыста Ғылым және жоғары білім министрі, редакциялық алқа төрағасының орынбасары Саясат Нұрбек еңбектің 1-4 томдарын басып шығару алдындағы дайындық жұмыстары жайлы баяндады. Ал Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы көптомдықты көркем безендіру дизайнының тұжырымдамасын таныстырды. Сонымен қатар редакция алқасы Қазақстан тарихының ХІХ және ХХ ғасырлардың басындағы кезеңіне арналған бесінші томының қолжазбасын қарады. Аталған томның жаңартылған құрылымы мен мазмұнын тарих ғылымдарының докторы, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды.  Жиын соңында редакция алқасы академиялық басылымның бесінші томын жетілдіре түсіп, келесі отырыста көп томдықтың алтыншы томын қарастыру туралы келісті.

Бөлісу