Басты Жаңалықтар Қызылордада екі емхана салына бастады

Қызылордада екі емхана салына бастады

Қызылордада екі бірдей жаңа емхананың құрылысы басталды. Ғимараттардың іргетасын қалау рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты.

Қаланың шеткі аудандарында 40 мыңға жуық халық тұрады. Бұл аумақта тұрғындар қаралатын жалғыз емхана ескі әрі ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан жұрт осы күнге дейін қала орталығындағы емдеу орындарына қатынады. Жылдар бойы айтылып келген мәселе биыл шешімін тауып жатыр. Қазынадан 10 миллиард теңге қаржы қаралып, 4 қабатты заманауи емхананың құрылысы басталды.

Сәуле Омарова, Қызылорда тұрғыны:

Титовта орталықта үлкен осындай зәулім кереметтей құрылыс жүріп жатқанына біз қуаныштымыз. Жақын жерде, ешқандай қиналмай, автобус күтпей, тез арада жедел түрде жетуімізге біздің тұрғындарға керемет жағдай жасап жатқанына Үкіметке алғысымыз шексіз.

Қызылорданың сол жағалауы бүгінде үлкейіп, тұрғындар саны көбейді. Бұл аумақта да 60 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсететін алғашқы емхананың іргетасы қаланды. Сондай-ақ Президент бастамасымен бой көтерген көпсалалы аурухананың да құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал түрік инвесторлары жаңа клиника ашты. Мұнда өңірде бұрын-соңды болмаған ПЭТ-КТ медициналық қондырғысы орнатылған. Қызылордалықтар енді тексерілу үшін Астана, Алматы секілді ірі қалаларға қатынап әуреге түспейді. 

Гүлсім Жанпейісова, Қызылорда тұрғыны:

6 жыл болды, келіп тексеріліп жүрмін. Мен Қызылордаға бірінші рет 5 ақпанда осы жерге келіп түстім. Қызылордада ашылып жатыр осындай ПЭТ деген орталық деді. Мен өте қуаныштымын. 


Бөлісу