Наурыз - береке бастауы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Наурыз - береке бастауы

27.03.2019

Қытайдан атамекенге оралған қандастарымыз Павлодарда Наурызды ерекше қарсы алды. Ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүр жаңғырып, дастарқан аққа толды, көпшілік таңсық астан дәм татты. Бүгінде аймаққа Қытайдан 300-ге тарта адам қоныс аударған. Олардың дені кәсіп ашып, енді бірқатары егіншілік саласында еңбек етіп жүр.

«Көктемнің келгені - көңілдің көл-көсір болғаны, көктегіге қол жеткені. Демек, «ұзын сарыға» деп сақтаған сүрдің қазанға салынғаны»,-дейді Қытайдан келген қандастар. Олар наурызға арнап 20-ға тарта тағам түрін дайындады. Бәрі де еш қоспасыз, табиғи таңсық дәм. Тіпті, дәстүрлі наурыз көженің өзі бөлек пісірілді.

Бекзатхан Мәжікқызы, Қытайдан келген қандасымыз:       

- Наурыз көженің басты тағамы - ет. Қыста соғым соямыз. Оның кәрі жілік деген жілігі болады. Соны арнаулы түрде алып қалып, мына кәрі жілікті осы Наурыз көжеге қосып, басты тағамы кәрі жілік болады.

Наурыз кәде. Бұл қазақ дәстүрінде қуаныш пен татулық нышаны ретінде беріледі. Қытайдан Павлодар аумағына келген бауырлар әдет ғұрып, жөн-жосықты қаз-қалпында сақтайды.

Жақыпбек Рамазанұлы, Қытайдан келген қандасымыз:

- Кейбір ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді де келіп жатқан, сырттан келген қандас ағайындар алып келіп жатыр, бұл жақтан да үйреніп жатқанымыз көп. Ол жақтан әкелген салт-санамыз бен бұл жақтағы салт-сананы тоғыстыру арқылы жалпы Наурыздың денгейі жылдан-жылға көтеріліп бара жатыр деп айтар едім.

Елге ел қосылса - құт. Алыстан келген ағайын құр келген жоқ. Қазаққа қажет құндылықтарды ала келді, ұлттық мұраны паш етті.

«Келер жылы Керекудің төрінен Наурызға арнап киіз үй тігеміз. Көп болып «Қара жорға» биін билейміз»,-дейді ағайын. 

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу