Басты Жаңалықтар Қазақстан –Пәкістан: Бірлескен жобалар көбейеді

Қазақстан –Пәкістан: Бірлескен жобалар көбейеді

30-дан астам коммерциялық құжат. 200 миллион долларға келісім. Исламабадта өткен Қазақстан – Пәкістан бизнес форумында тараптар қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика және тағы басқа салалар бойынша әріптестікті кеңейтуге уағдаласты. Енді Қазақстан банктері Оңтүстік Азия нарығына кірмек. Бұл бизнес арасындағы төлемді жеңілдетеді. Сонымен қатар ортақ инвестициялық алаң құрылып, бірлескен жобаларға қаржы құйылады. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Пәкістан. Ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібі дамыған ел. Фармацевтика саласында әлемде көшбасшылардың бірі. Мұнда әлемдегі барлық футбол доптарының 70 пайызы шығарылады. Бұл өнімдер біздің нарықта сұранысқа ие. Ал ислам республикасына Қазақстанның тауарлары, азық-түлік, астық пен мұнай қажет. Былтыр алыс-беріс 100 млн доллар болды. Ендігі меже – миллиардтан асыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі еседей өсті. Қазақстанда Пәкістан капиталының үлесі бар 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тағам өнеркәсібі, индустрия және басқа да көптеген салада жұмыс істейді. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық.
Келісімдердің басым бөлігі инвестиция тарту мен қаржылық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды. «Самұрық-Қазына» мен Fauji компаниялар тобы ортақ инвестициялық платформа құруға уағдаласты. Бұл алаң екі ел аумағында бірлескен жобаларды іріктеп, іске асыруға мүмкіндік береді. Ал «Бәйтерек» холдингі жергілікті Habib Bank Limited-пен серіктестігін кеңейтті. Сондай-ақ көлік-логистика саласында Пәкістан компаниясымен ынтымақтастық басталды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Пәкістанның географиялық орны стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» ұлттық операторы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен Пәкістанның ұлттық логистика корпорациясы және Pakistan Post компаниясы арасында келісімге қол қойылуын құптаймын. Олардан мультимодальды көлік шешімдерін ілгерілетуге және елдеріміздің порт инфрақұрылымын бірлесе пайдалануға жол ашатын нақты қадамдар күтеміз.
Президент пәкістандық инвесторлардың агросекторға қаржы салу ниетін қолдайтынын айтты. Жетісу облысында Almoiz Group-тың қатысуымен қант қызылшасын өңдейтін зауыт ашу туралы келісім жасалды. Сонымен қатар қант өндірісі мен құрылыс материалдарын шығару жобаларына жалпы 40 млн доллар инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұдан бөлек цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект саласында, сондай-ақ төлем сервистерін интеграциялау бағытында келісімдер жасалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің күш-жігеріміз ұлттық, тіпті жаһандық деңгейдегі ірі IT компаниялардың құрылуына ықпал етті. Мысалы қазақстандық InDrive платформасы Пәкістанда кеңінен пайдаланылады. Былтырғы көрсеткіш бойынша, қосымша Пәкістандағы такси нарығының 60 пайыздан астамын иеленген. Осылайша қала ішіндегі қозғалыста бірінші орынға шыққан. Пәкістандық серіктестерді IT және инвестиция салаларындағы мүмкіндіктерімізді пайдалануға шақырамын.
Форумнан кейін Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен кездесті. Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ұзақ мерзімді қарым-қатынасты кеңейтудің жаңа бағыттарын белгіледі.
Сапар қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Пәкістанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – Nishan-e-Pakistan ордені табысталды. Мемлекет басшысы Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру туралы бірлескен декларация бауырластық байланыстарды айқындайтынын айтты. Сондай-ақ құжат екі елдің барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін көрсететінін атап өтті.


Бөлісу