Қазақстан мен Пәкістан стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды
Қазақстан мен Пәкістан стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Президенттің сөзінше бұл өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи меже. Бүгін Исламабадта Мемлекет басшысы ел үкіметімен келіссөз жүргізді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Ал бизнес форум аясында құны 200 млн доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Екі ел қай бағытта әріптестікті күшейтпек? Пәкістаннан Шерхан Жамбылұлы жалғайды
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Пәкістан. Оңтүстік Азиядағы алып ел. Халық саны бойынша әлемде бесінші орында. 250 миллионнан аса тұрғыны бар. Алып нарық, үлкен күш. Халықаралық саясаттағы ұстанымы айбарлы. Ядролық қаруы бар мұсылман әлеміндегі жалғыз мемлекет. Экономикалық даму мүмкіндігі бойынша да әлемдегі әлеуеті жоғары елдердің қатарында тұр.
Қазақ басшысы Пәкістанға соңғы рет 23 жыл бұрын келген. Ұзақ үзілістен кейінгі сапар қос ел байланысына тың серпін бермек. Үкімет резиденциясында Мемлекет басшысын ел премьері қарсы алып, құрмет қарауылы сап түзеді.
Исламабадта қазір күн райы мамыражай. Қос елдің әріптестігі тереңге тамыр тартсын деген ізгі ниетпен Президент осы аумаққа ағаш отырғызды. Осыдан кейін екеуара әңгімеде екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту мәселесі талқыланды. Кең құрамдағы жиында Мемлекет басшысы Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға бірінші рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын.
Қазақстан – Орталық Азиядағы жетекші ел. Пәкістан болса Оңтүстік Азиядағы алып мемлекет. Қос ел араны жалғап, өңірлер байланысын арттыруға ниетті. Әріптестікті жаңа деңгейге көтеретін құжат - Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация. Қос тарап бұны тарихи меже деп атады. Жалпы Президент Пәкістанға үлкен делегациямен және ықпалдастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті. Шахбаз Шариф қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет деді.
Шахбаз Шариф Пәкістан Премьер-министрі:
Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын.
Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда айналымы былтыр екі есе өсіп, 100 миллион долларға жетті. Сарапшылар алыс-беріс әлеуеті әлдеқайда жоғары екенін айтады. Пәкістан бизнес өкілдерінің есебінше сауда-саттық көлемін 14 миллиард долларға дейін көбейтуге мүмкіндік бар.
Ержан Қыстафин, Қазақстанның Пәкістандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Оларда бізге қажет ресурстар бар, ал бізде оларға қажетті тауарлар жеткілікті. Пәкістан халқы өте жылдам өсіп келеді. Халық көбейген сайын сұраныс та өседі, әсіресе энергетикалық ресурстарға деген қажеттілік жоғары.Сондықтан Пәкістан мұнай, газ, көмір секілді энергия ресурстарын импорттауға мүдделі. Бұдан бөлек, олар біздің астыққа да үлкен қызығушылық танытады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан–Пәкістан бағытындағы теміржол құрылысы аса маңызды.
Алыс-берістің артуына қазір логистикалық қиындықтар тежеу болып отыр. Президент сапарындағы негізгі мәселенің бірі осы көлік және транзит бағытындағы әріптестік. Қазір екі ел арасында тікелей теміржол қатынасы жоқ. Енді «Қазақстан–Түрікменстан–Ауғанстан–Пәкістан» теміржолын салу жоспарланып отыр. Оның тасымал мүмкіндігі жылына 35–40 миллион тоннаға бағаланады. Бастысы Қазақстан үшін Үнді мұхитына төте жол ашылады.
Карачи мен Касим және Гвадар порттары әлемдегі ең терең айлақтардың қатарына кіреді. Жүк өткізу әлеуеті жоғары. Жаһандық кеме тасымалының маңызды бекеті. Қазақстан Гвадар айлағын негізгі көлік хабы ретінде қарастырып отыр.
Хамза Рифат, Исламабадтағы өңірлік зерттеулер институты Орталық Азия бағдарламасының жетекшісі:
Қазақстанның «Батыс-Шығыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» дәліздеріндегі әлеуеті Пәкістанның Араб теңізіндегі порттық инфрақұрылымымен ұштасқан жағдайда, Еуразия мен Үнді мұхитын жалғайтын жаңа транзиттік бағыт қалыптасады. Пәкістан бұған ашық. Ел ішінде құны 62 миллиард долларды құрайтын Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі жүзеге асырылуда.
Қазақстан мен Пәкістан БҰҰ, ШЫҰ және таяуда құрылған бейбітшілік келісіміне мүше. Тараптар көпжақты алаңдарда тығыз ықпалдастықты жалғастыру маңызды екенін айтты. Пәкістан таяуда Орталық Азия бойынша арнайы стратегияны қабылдады. Онда бұл өңір Пәкістанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі ретінде нақты көрсетілген.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ресми келіссөздер бизнес форуммен жалғасты. Қос ел кәсіпкерлері ортақ жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Мұнда Қазақстан тарапынан 150-ге жуық, Пәкістанннан180-нен аса компания өкілдері жиналған. Олар құны жүздеген миллион доллар болатын келісімдерге қол қойды.
Мәселен Қазақстан Пәкістанға 600 электроавтобус экспорттайды. Келісім құны 108 млн доллар. Пәкістан алдағы уақытта тағы 2000 қоғамдық көлікті сатып алуға ынты танытты.
Мұрат Әділханов, Falcon Eurobus директорлар кеңесінің төрағасы:
Пәкістан ауыл шаруашылығы, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп салаларында зор әлеуетке ие. Ел спорт тауарларын, мақта, қант, цемент және хирургиялық құралдар өндіреді. Бұл өнімдер Орталық Азия нарығында сұранысқа ие. Ал азық-түлік, астық және мұнай мен метал Пәкістанға қажет. Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумында 37 астам коммерциялық келісім жасалды.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрінің қатысуымен бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Олар тау-кен өнеркәсібі, көлік және транзит, сауда, кеден, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру мен жасанды интеллект секілді түрлі салаларды қамтиды. Құжаттар екі ел арасындағы экономикалық және институционалдық байланысты нығайтуға жол ашпақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы