Инфрақұрылым әрқашан озық қарқынмен дамуы керек
Премьер-министр Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Олжас Бектенов бірқатар кәсіпорынды аралап, өңірге тартылған инвестициялардың көлемімен танысты. Президент белгілеген экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіп өндірісі көлемін ұлғайту, терең өңдеу үлесін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Үкімет басшысының сапары туралы Жазира Оразқызы баяндайды.
Сапар аясында Премьер-министр Қарасай ауданының Көкөзек ауылында орналасқан ірі логистикалық орталыққа барды. Жоба қойма, көлік және басқару процестерін біріктіруге, ішкі және аймақаралық нарықтар үшін тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыруға бағытталған.
Бауыржан Сәйлеуқанов, «Imagine Apple Logistics» ЖШС маманы:
Қоймада климат бақылау жүйесі, температура режимі, жазда да, қыста да бірқалыпта тұрады.
Олжас Бектенов тамақ өнеркәсібінде озық саналатын «Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясын аралады. Кәсіпорынның қуаттылығы – жылына 160 мың тонна дайын өнім. Биыл мекеме жаңа өндірістік желіге қосымша 4,5 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Премьер-Министрге өңірде өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында түйе сүтінен, еті мен жүнінен жасалған, құс еті мен балық өнімдері бар.
Марлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:
Премьер-министрге шаруашылықты толыққанды таныстырдық. Мемлекет жағынан қолдау бар. Уылдырықтарына, жемдеріне көмек алып отыр.
Сондай-ақ Үкімет басшысына Алатау қаласының аумағындағы инвестициялық жобалар, жалпы қала құрылысы мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысы баяндалды. Олжас Бектенов шаһарды дамыту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Инфрақұрылым әрқашан озық қарқынмен дамуы керек, бірақ біз сәл кешігіп келеміз. Қазір Президент бұған үлкен көңіл бөлуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қажетті қаражат бөліп жатыр. Біз мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру үшін салық реформасын жүргіздік. Бұл қаражат бізге инфрақұрылымға салу үшін қажет. Бұл ақша ешқайда кетпейді, тікелей экономикаға салынады. Егер мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, онда инвесторлардың сенімі артып, келе бастайды. Даму осыдан басталады. Басқа жол жоқ. Сондықтан біз инвестиция саламыз және осы жылдан бастап бюджеттің мүмкіндіктері басқаша болады.
Премьер-министр Алматыдағы «Ядролық физика институтында» болып, негізгі қондырғылар мен өндірістік алаңдардың жұмысымен танысты. Биыл институтта ядролық криминалистика бойынша өңірлік оқу орталығын ашу жоспарланған. Осыған орай оқуға және жұмыс істеуге арналған кеңістіктермен жабдықталған жатақхана салынды. Премьер-министр 116 оқушы мен мамандарға арналған жеті қабатты ғимаратты аралады.
Сапар соңында Үкімет басшысы Алматыдағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын аралады. Арнайы экономикалық аймақ құрылғалы 7,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, 1 трлн теңгенің өнім өндірілген және қызметтер көрсетілген. Қорытындылай келе, Үкімет жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға күш салуды тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы