Басты Жаңалықтар Астанада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының 5-отырысы өтті

Астанада Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының 5-отырысы өтті

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтті. Президент өкімімен құрылған кеңестің алғашқы жиыны қазан айында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен. Мамандар жарты жылдан бері ауқымды құрылымдық өзгерісті жан-жақты талқылап жатыр. e-Otinish және eGov платформалары арқылы халық арасынан, сарапшылар қауымдастығынан және қоғамдық бірлестіктерден 600-ге жуық ұсыныс жинақталған.

Наталья Пан, Парламентаризм институтының директоры:

Өткен жылдың қазан айынан бастап е-Otinish сервисіне азаматтық қоғам институттарынан және ғылыми мекемелерден көптеген ұсыныстар түсе бастады. Өз ұсыныстарын жолдағандардың қатарында «Байтақ» партиясы, «Жаңару» республикалық адвокаттар алқасы, «TOQTAMYS» адвокаттар қауымдастығы, Қазақстан татарлары мен башқұрттарының конгресінен, Экономикалық саясат институтынан және басқа да қоғамдық ұйымдардан келіп түсті. Бұдан бөлек, ұсыныстарды қалыптастыруға ғалым-құқықтанушылар, сарапшылар белсенді түрде қатысып, өздерінің сараптамалық ұсынымдарын жолдады.

Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Парламенттің Үкіметті, Конституциялық Сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын және басқа да мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысудағы конституциялық рәсімдерінің жалпы тәсілдері туралы айтты. Азат Перуашев, Марат Шибұтов, Елнұр Бейсенбаев, Үнзила Шапақ, Марат Бәшімов, Индира Әубәкірова және жұмыс тобының өзге де мүшелері өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Ержан Жиенбаев, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі:

Бірнеше ай бойы Жұмыс тобы негізгі параметрлердің едәуір бөлігін талқылап қойды: болашақ бір палаталы Парламенттің моделі, депутаттардың саны, кандидаттарға қойылатын талаптар, өкілеттіктері мен оларды сайлау тәртібі. Біз заң шығару қызметіне қатысты мәселелерді, соның ішінде заңдарға бастамашылық жасау мен қабылдаудың рәсімдік жағын, оқылымдар саны мен шешім қабылдау үшін қажетті дауыс арақатынасын егжей-тегжейлі қарастырып, талқылап үлгердік. Сондай-ақ, болашақ Парламенттің атауы қандай болуы тиіс деген мәселе жеке талқыланды.


Бөлісу