Басты Жаңалықтар Алматы туризмі дамыған әлемдік шаһарға айналады

Алматы туризмі дамыған әлемдік шаһарға айналады

Алматы жер-жаһаннан туристер ағылатын, әлемге әйгілі Париж, Нью-Йорк секілді күндіз-түні көз ілмейтін шаһарға айналуы тиіс. Ол үшін Мемлекет басшысы мегаполисте абаттандыру мен инфрақұрылымды дамыту маңызды міндет екеніне тоқталды. Мегаполистегі туризм саласын одан әрі дамыту үшін қандай шаралар атқарылмақ?

Алматы тұрғындардың ғана емес, туристтердің де түнін ұрлап, тамсана, таңдана қарайтын шаһарына айналуы тиіс. Мамандар бұл бастама мегаполиске ағылатын шетелдік саяхатшылардың санын арттырып, тиісінше туризм саласынан түсетін табысты көбейтеді, дейді. Оған қоса қала келбеті де әрлене түспек.

Биыл Алматыға 1 млн 800 мыңнан астам саяхатшы келген. Әсіресе, Үндістан, Оңтүстік Корея және Қытай азаматтарынан сұраныс жоғары. Жергілікті туроператорлар қонақтарға көбіне тау және экотуризм бағыттарын ұсынады. Туризм саласында 17 жылға жуық тәжірибесі бар София Тастемірова кешкі уақытта да туристерге арналған орындарды көбейту қажет деп отыр.

София Тастемірова, туроператор:

Алматыда туристердің орташа қалуы шамамен 5 күн. Неғұрлым көбірек қалса, соғұрлым бізге ақша қалдырады. Сол үшін кешкі уақытта да алып баратын жерлеріміз көп болса жақсы болады.

Сала мамандары алып шаһарды «ешқашан көз ілмейтін, әлемдік қалаға айналдыру» бастамасының берері көп екеніне сенімді. Осылайша туризм саласы түрленіп, экономиканың өсуіне де серпін береді.

Раушан Шәмілқызы, Ұлттық Индустрия және туризм қауымдастығының президенті:

Туризм дамыса, бұл қаржылық көмек. Танымалдық береді. Инфроқұрылыммен бірге Алматымыз ғана емес, мемлекетіміз де дамиды.

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

Бұл бастама мегаполистің туристік әлеуетін арттырып, жер-жаһаннан келетін қонақтар легін көбейтуге жол ашады. Ал қала әкімдігі ол үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, жүйелі жобаларды іске асыруды көздеп отыр.
Бөлісу