Биыл Абай атындағы сыйлық берілмейді
Биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілмейді.
Себебін Вице-Президент және осы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы
мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссия төрағасы Ерлан
Қарин түсіндірді. Оның айтуынша, биыл
дауыс беру қорытындысына сәйкес бірде-бір жұмыс комиссия мүшелерінің басым
даусына ие бола алмаған.
«Біріншіден, конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын сыйлаймыз,
құрметтейміз. Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі
тұлғалар. Өзім де бірқатарын жеке танимын. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға
емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты
біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ,
өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды. Екіншіден, бәріміз тәртіпке бағынуымыз қажет.
Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынды. Бірақ дауыс беру қорытындысы
бойынша бірде-бір жұмыс Комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алған
жоқ. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым
болды» , - деп жазды Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында. Сондай-ақ ол енді мемлекеттік сыйлық тәртібі мен
ережесіне өзгеріс енгізілетінін жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы