Басты Жаңалықтар 2026 жылы ипотекада не өзгереді?

2026 жылы ипотекада не өзгереді?

Елімізде биыл бірқатар баспана бағдарламалары жалғасады. Мамандар жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізу үшін ертеден қамдануға кеңес береді. 2026 жылы үйлі болуды армандайтындар үшін қандай өзгеріс күтіп тұр? Жеңілдетілген несие кімдерге қолжетімді? Үй алу үшін қазірден нені ескерген жөн? Айжан Иманғали тарқатады.

Айжан Иманғали, тілші:

Homsters.kz-тің ақпаратынша, биыл ипотека көбінесе нақты әлеуметтік және кәсіби санаттарға бағытталады. Оның өз шарттары бар. Сондай-ақ банктер пайыздық мөлшерлемені жинақ көлеміне қарай кезең-кезеңімен төмендетпек. Банктің ақпаратынша, «Наурыз» ипотекасы 2031 жылға дейін жалғасады. Өтінім қабылдау көктемде басталады. Негізгі шарттары мынадай: пайыздық мөлшерлеме 9 пайыз, әлеуметтік осал санаттар үшін 7 пайыз, ал бастапқы жарна таза әрленген үйге 10, қарапайым әрленген үйге 20 пайыз болмақ. Қарыздың ең жоғары сомасы Астана мен Алматыда. Несие мерзімі 19 жылға дейін. Бүгінде «Наурыз» бағдарламасын кеңейту мәселесі талқыланып жатыр. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының шарттары да «Наурызбен» бірдей, алайда ол нақты салаларда жұмыс істейтіндерге ғана қолжетімді. Көктемде өтінім беруге болады. «7-20-25» бағдарламасы биыл да жұмысын жалғастырады. Тіпті оған қосымша қаржы бөлінбек. Бағдарлама шарттары - пайыздық мөлшерлеме 7,бастапқы жарна 20 пайыз, несие мерзімі 25 жылға дейін. Ең жоғары қарыз сомасы 30 млн теңге болса, ең төмені 20 млн теңге. Ал «Ұмай» әйелдер ипотекасы әлі іске қосылмағанымен, биыл басталады деп күтілуде. Сарапшылар бұл бағдарламаны тұрақты табысы бар, бірақ өзге жеңілдетілген ипотекаларға қолы жетпейтін әйелдер үшін балама деп бағалайды. Отбасы банкінің «Жасыл ипотекасы» да жалғасады. Ол энергия үнемдейтін, экологиялық талаптарға сай тұрғын үйлерді сатып алуға арналған. Мамандар 2026 жылғы ипотеканы тиімді алу үшін қазірден Отбасы банкте депозит ашуға, ресми және тұрақты табысты қамтамасыз етуге, несие тарихын тексеруге және бастапқы жарна мен ай сайынғы төлемді алдын ала есептеуге кеңес береді.


Бөлісу