Басты Жаңалықтар Алматыдан Балиге тікелей рейс ашылуы мүмкін

Алматыдан Балиге тікелей рейс ашылуы мүмкін

Енді қазақстандықтар Балиге тікелей ұшуы мүмкін. Қазақстандағы Индонезия елшісі танымал туристік аймаққа рейс ашу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы Ұлттық арна тілшісі Темірлан Нұржанұлына сұхбат берген Индонезия елшісі Мохамад Фаджрул Рахман айтты.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Қазақстан кейінгі кезде біраз елдің ірі қалаларына тікелей рейс ашты. Туристер арасында Индонезия, әсіресе Бали аралы өте танымал екені белгілі. Туризмнің тамырына қан жүгіртіп, барыс-келісті арттыру үшін тікелей рейс ашылуы мүмкін бе?
Мохамад Фаджрул Рахман, Қазақстандағы Индонезия республикасының елшісі:
2020 жылы Қазақстаннан Индонезияға 7 мың адам барса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 20-30 мыңға жетті. Ал Индонезиядан Қазақстанға 5 мың адам келген. Олардың негізгі бағыты Алматы мен Шымбұлақ. Индонезиялықтар қарды қатты жақсы көреді. Әрине, туризмді тікелей рейссіз дамыту қиын. Сондықтан кейінгі екі аптада мен Алматыда Air Astana басшылығымен Алматы – Бали бағыты бойынша тікелей рейс ашу мүмкіндігін талқыладым. Жоспар іске асса, Қазақстаннан Индонезияға баратын туристердің саны 50 мыңға, ал Индонезиядан Қазақстанға сапар шегетіндер 15 мыңға дейін жетуі мүмкін. Олардың арасында туристерден бөлек кәсіпкерлер мен инвесторлар бар. Ал визаға келетін болсақ, Индонезия азаматтары 2023 жылдан бері Қазақстанда бір ай визасыз жүре алады. Осы үшін Қазақстанға рахметімізді айтамыз. Енді биылдан бастап Қазақстан азаматтары үшін де Индонезияға визасыз режим енгізіледі деп үміттенеміз. Бұл туризмге, бизнеске және инвестицияға үлкен серпін бермек.
Қазақстан-Индонезия тауар айналымы $2 млрд-қа жеткізу көзделіп отыр
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
Қазақстан мен Индонезия арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? Мемлекеттерге қай саладағы ынтымақтастыққа басымдық беру керек?
Мохамад Фаджрул Рахман, Қазақстандағы Индонезия республикасының елшісі:
Қазір Қазақстан мен Индонезия арасындағы қарым-қатынас ең жоғары деңгейде деп сеніммен айта аламын. Саяси тұрғыдан алғанда, екі ел арасындағы байланыс өте берік. 2023 жылы Индонезия Президенті Джоко Видодо мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиде кездесті. Ал екі ай бұрын, Индонезия Президенті Прабово Субианто мен Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында жүздесті. Бұл – екі ел арасындағы саяси диалогтың өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Экономикалық бағытта да ілгерілеушілік бар. Жақында Индонезия мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында преференциялық сауда туралы келісімге қол қойылды. Бұл – Қазақстан мен Индонезия үшін тарихи сәт. 21 желтоқсанда Санкт-Петербургте қол қойылған бұл құжатты екі ел үшін Жаңа жыл алдындағы ең үлкен жетістік деуге болады. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымын 2 миллиард АҚШ долларына жеткізу мақсаты қойылып отыр. Eurasian Resources Group және «ҚазМұнайГаз» компаниялары Индонезияда бірлескен жобаларды талқылауда. Келесі жылы пайдалы қазбалар, энергетика және цифрландыру салалары бойынша меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр.
Құрметті көрермен, Индонезия елшісімен өткен сұхбаттың толық нұсқасын 8 қаңтар сағат 15:50-де ұлттық арнадан көре аласыз.

Бөлісу