Отандық тарихтың Қазақ хандығына арналған төртінші томы бекітілді
Бүгін Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Басқосуда ескертулер мен ұсыныстар негізінде қайта пысықталған Қазақ хандығы кезеңіне арналған төртінші томның қолжазбасы қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша редакция алқасы қолжазбаны бекітіп, баспаға дайындау туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік кеңесші бұл еңбектің отандық тарих ғылымындағы маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ басылымның жаңалығына тоқталған Ерлан Қарин томды әзірлеу барысында Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және басқа да елдердің мұрағат қорларынан табылған жазба деректер, құжаттар мен құнды жәдігерлер пайдаланылып, алғаш рет ғылыми айналымға енгізілгенін жеткізді. Төртінші томға барлығы 187 сирек құжат енгізілді. Олардың 180-і шетелдің архив қорларынан алынған. Бүгінгі отырыста туындының бесінші томы талқыланды. Бұл томның тұжырымдамасын, құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды. Редакция алқасының мүшелері – елімізге танымал тарихшы-ғалымдар өз ой-пікірін ортаға салды. Жиын соңында академиялық басылымның бесінші томын жетілдіру жұмысын одан әрі жалғастырып, келесі отырыста қайта қарау туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы