Басты Жаңалықтар Президент ресми сапармен Жапонияға барды

Президент ресми сапармен Жапонияға барды

Президенттің Жапонияға ресми сапары аясында жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын 40-тан астам коммерциялық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Күншығыс елімен арадағы алыс-берістен еліміз не ұтады? Жапония үшін Қазақстанмен серіктестік қаншалықты маңызды? Мемлекет басшысының аталған мемлекетке сапары жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Күншығыс еліне алғаш рет ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Токио қаласының Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның мемлекеттік сыртқы істер министрі Аяно Кунимицу қарсы алды.

Президент Император Нарухитомен кездесті

Содан соң Мемлекет басшысы Император Нарухитомен кездесті. Саясаттанушылардың айтуынша, бұл - қонаққа көрсетілетін ең жоғары деңгейдегі құрметтің нышаны. Президент қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Императорына ризашылығын білдіріп, Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Ал Император бұл сапардың Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі оқиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты.

Перзидент Мейджи Джингу ғибадатханасына барды

Кездесуден соң Перзидент Токиодағы Мейджи Джингу ғибадатханасына барды. 1920 жылы салынған кешен императорлық киелі орын саналады. Кешенмен танысқан соң Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Токиода білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандықтармен де жолықты.

Президент бірқатар кездесу өткізді

Отандастармен тілдескен Президент Жапония сияқты дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев достық лигасының қызметіне жоғары баға беріп, оны екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміз Токиомен жан-жақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән береді. Парламентаралық диалог тереңдей түсті. Түрлі деңгейдегі байланыстар тұрақты түрде жалғасуда. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастарымыз тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз.

Екі ел арасында тауар айналымы $1 млрд 300 млн-ға жуықтады

Ал биыл 9 айда Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 1 млрд 300 млн долларға жуықтады. Екі арадағы сауданың дені импортқа тиесілі. Яғни, біз қаңтар-қыркүйек аралығында Күншығыс еліне 332 млн доллардың өнімін экспорттасақ, импорттың көлемі 944 млн доллардан асты. Бүгінде ел арасында көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар.

Президентті Жапония премьер-министрі де бар сән салтанатымен қарсы алды.

14 құжатқа қол қойылды

Бірден келіссөздерге көшкен екі тарап бірлескен мәлімедеме жасады. Нақтырақ айтсақ, екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

Елімізде қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған биотехнология саласы дамиды. Қасым-Жомарт Тоқаев Rakuten Group компаниясының басшысы Хироши Микитаниді қабылдады. Президент компанияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнату ниетін құптады.

Президент кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұлмен кездесті

Президент Жапонияда білім алып, он жылдан бері ірі халықаралық жарыстарда көш басынан көрініп жүрген кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұлмен кездесіп, қазақстандықтар оны мақтан тұтатынын атап өтті. Қазақстандық спортшының лақап аты – Кимбозан. Бұл – атақты бапкер әрі төл сумо мектебінің негізін қалаушы, ояката Кисенің туған жері Кумамото префектурасындағы таудың атауы.

Президенттің Жапонияға сапары: $3,7 млрд асатын келісімдерге қол қойылады

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Саясаттанушылардың айтуынша, Жапониямен серіктестікті бекемдеу экономикалық жағынан ғана емес, сондай-ақ геосаяси тұрғыдан да еліміз үшін өте тиімді. Бүгінде Күншығыс елі әлемнің төртінші экономикасы екенін ұмытпаған жөн. Президенттің Жапонияға ресми сапары аясында жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын 40-тан астам коммерциялық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Бір қызық жайт, 2004 жылы Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өтіп оған Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен. Енді, міне, араға 21 жыл салып, Мемлекет басшысы «С5+1» форматындағы жиынға Президент ретінде қатысқалы отыр. Шара ертеңге жоспарланған.


Бөлісу