Басты Жаңалықтар Ғалымдар тау ормандарын зиянкестер жайлап бара жатқанына алаңдаулы

Ғалымдар тау ормандарын зиянкестер жайлап бара жатқанына алаңдаулы

Алматының табиғи қалқаны саналатын Іле Алатауының ормандарына қауіп төніп тұр. Ғалымдардың айтуынша, соңғы бірнеше жылда зиянкес жәндіктердің көбеюі салдарынан жүздеген гектар қарағай зақымданған. Табиғат жанашырлары мен орманшылар мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Бірақ әзірге түбегейлі шешім табылмаған. Егер жағдай бақылауға алынбаса, мамандар тау ормандарының едәуір бөлігінен айырылып қалу қаупі бар екенін ескертеді.

Бір қарағанда Іле Алатауының ормандары қалыпты көрінеді. Алайда мамандар ағаштарға қауіп тек өрттен емес, көзге әрең көрінетін зиянкестерден де төніп тұрғанын айтады. Кейбір жәндіктер ағаштың қабығына еніп, оның ішкі құрылымын зақымдайды. Соның салдарынан ағаш әлсіреп, ақыры қурап қалуы мүмкін.

Ғалымдардың мәліметінше, Іле Алатауында соңғы үш жылда 60-70 жылдық қарағайлардың қурауы жиілеген. Бұған басты себеп - орман зиянкестерінің жаппай таралуы. Олардың таралу аумағы жыл сайын ұлғайып келеді.

Нұржан Мұхамадиев, Ж. Жиембаев атындағы қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

Орман комитетінің тізімінде бекітілген тізім бар. Қауіпті зиянкестердің бірі. Соның ішінде жұлдызшалы егеуіш-тоқығыш және қызыл басты егеуіш-тоқығыш зиянкес бар. Бір бөлігі қазір қылқан кеміріп зиян келтіріп жатса, бір бөлігі жерде қыстап жатыр. Іле-Алатау тауларында соңғы үш жылда пайда болды.

Мамандардың айтуынша, зиянкестердің бір бөлігі ағаштардың қылқанын жеп зақымдаса, енді бір бөлігі топырақ астында жатады. Сондықтан олармен күрес үздіксіз жүргізілуі тиіс. Ал Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 73 мың гектардан аса орман бар. Инспекторлар бұған дейін зиянкестермен күресу үшін қолмен дәрілеу жұмыстарын жүргізіп көрген. Алайда биіктігі 25 метрге жететін қарағайларға бұл әдіс тиімсіз болған.

Райхан Мұхамеджанова, «Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ бөлім меңгерушісі:

Өкінішке орай, 738 гектар жердегі қарағайдың бәрі толығымен зақымданған деп айтсақ болады. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде орманымыздың бәрінен болмаса да, жартысынан көбінен айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан дер кезінде бұған нақты керегі әуеден дәрілеу ғана ғой. Қазір мамандарға да сол біздің дабыл парағымыз, хаттарымыздың арқасында жетіп жатыр. Келіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүретін шығар.

Парк қызметкерлері бірнеше жылдан бері жауапты органдарға хат жолдап, мәселені көтеріп келеді. Министрлік өкілдері мәселеден хабардармыз, - дейді.

Данабек Мейрамбекұлы,  ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

Қазіргі таңда 6195 гектар жерде ауру зиянкестердің барлығы анықталды. Оның ішінде өте қауіптісі 4281 гектар жер анықталды. Комитет республикалық бюджеттен 2025-2026 жылдары дәрілеу жұмыстарын жүргізді.

Алайда мамандар жүргізілген бұл дәрілеу жұмыстары негізінен жапырақты ағаштарды қамтығанын айтады. Ал, қарағайды қорғау шаралары жеткіліксіз. Сондықтан зиянкестермен дер кезінде күреспесе, олардың зардабы тұтас орман алқаптарына қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдайды.

Қуан Нұрақын, Ерболат Әлібек, ҚҰА, Алматы


Бөлісу