Мобильді аударымдарға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді
Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап мобильді аударымдарға қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Өзгерістерге сәйкес, жұмыстағы әріптесінің туған күніне, туысының тойына немесе мерекеге орай ұжымнан ақша жинағандардың шоты бақылауға алынбайды. Бұл туралы бүгін Қаржы вице-министрі айтты. Үкімет отырысында инфляцияның басты себебі азық-түлік бағасын тежеу, арзандатылған сиыр етін сату мәселесі де айтылды.
Яғни, шотқа бір ай бойы тоқтаусыз ақша түсіп, екінші айда аударымдар болмаса, бақылау болмайды. Мерейтойлар мен садақаға жинағандар да тексерілмейді. Бұған дейін азаматтар әртүрлі 100 адамнан 3 ай қатарынан аударым алса, автоматты түрде кәсіпкерлер тізіміне еніп, салық төлеуге міндеттеледі делінген еді. Енді бұл ережеге өзгеріс енгізіліп отыр.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
Үш критерий бірге сәйкестік болған жағдайда ғана біз ол төлемдерді байқауға аламыз. Үш ай қатарынан болуы керек, 100 әртүрлі адамнан ай сайын болып тұруы керек. Осы үш айдың қорытындысы бойынша сома 1 млн теңгеден асуы керек.
Ал кәсіпкер ретінде бақылауға алынғандардың шоттары бірден бұғатталмайды. Алдымен хабарлама жіберіп, содан кейін салықтық тексеру жүргізіледі. Жаңа ереже жаңа жылдан бастап күшіне енеді.
60 орындық мектепке 600 оқушының ақшасы бөлініп келген
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Үкімет отырысында бюджет қаражатының қайда және қалай жұмсалғаны талқыланды. Биыл өңірлерді қолдауға 7 трлн теңгеге жуық ақша бөлінген. Қаржы министрінің сөзінше, республикалық бюджет 96 пайызға, ал жергілікті бюджеттер 95 пайыз игерілген.
Көрсеткіштер жаман емес, дегенмен шикіліктер бар. Мәселен, 60 орындық мектепке 600 оқушының ақшасы төленіп келгені анықталған. Қаржы вице-министрінің айтуынша, бір оқушыны бірнеше мектепке тіркеп жіберу, жоқ баланы бар деп жазу деректері тіркелген. Олқылықты жою үшін қазір білім ошақтары жаппай цифрландырылып жатыр. Қазірдің өзінде 847 мектеп сандық жүйеге көшкен.
Биыл жалпы ішкі өнім 6,4%-ға өсті
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Жиында еліміздің биылғы экономикалық даму қорытындысы да жарияланды. Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сүйенсек, өткен 11 айда Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,4%-ға өскен.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Экономикадағы оң көрсеткіштерге қарамастан, сауда, құрылыс және көлік қызметтерінде өсімнің біршама баяулап қалғаны байқалады. Металлургия өнеркәсібіндегі өсу қарқыны да төмендеп кеткенін баса айтқым келеді. Бұл сала – экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан оның орнықты дамуын қатамасыз етіп, өндірістік әлеуетін толық іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау маңызды.
Үкімет ет бағасын бақылауда ұстайды
Ал негізгі капиталға тартылған инвестициялар 13,3 пайызға артып, 18 трлн теңгеден асты. Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендеді. Соған қарамастан, Ұлытау, Ақмола және Атырау сынды бірнеше облыста ет бағасы қымбаттап кеткен. Сондықтан Үкімет басшысы ет бағасын ұстап отыруды және Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша тізбесін кеңейтуді жүктеді. Сондай-ақ Астанадағы тәжірибені өңірлерге енгізіп, ірі сауда желілері арқылы арзандатылған сиыр етін сатуды қолға алмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы