Басты Жаңалықтар Шымкентте 20 отбасы жаңа баспанаға кірді

Шымкентте 20 отбасы жаңа баспанаға кірді

Тәуелсіздік күніне орай Шымкентте 20 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Пәтер кілттері реновация бағдарламасы аясында табысталды. Бұған дейін апатты үйлерде тұрған Көксайлық тұрғындар қазір Шымкент-сити мен Тұран шағын аудандарына қоныс аударып жатыр.

Көксайдағы ескі үйлердің 20 тұрғыны бүгін жаңа пәтерге қол жеткізді. Қуанышы есленген көпшілікке баспана  кілтін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстады.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:

Бұл жұмыс тоқтамайды. Көріп жатырсыздар. Шетінен беріп жатырмыз. Инвесторлар табылғаннан кейін сіздерге де уақыты келеді. Мейрамға қарсы үйлі болып жатқандар үшін қуаныштымыз. Үйлеріңізде той болсын.

Апатты үйде тұрған Замира Кенжекова жаңа пәтерге көшуге қамданып отыр. Көпбалалы ана жайлы баспананы ұзақ күткенін айтады.

Замира Кенжекова, Шымкент тұрғыны:

Кірген кезде бөлмеміздің астыңғы қабатына қарай селкілдеп тұрады. Балалар үшін қорқатынбыз. Жаңа үй беріп жатқанына өте қуаныштымыз.

Данияр Ахметжанов, «Shymkent» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы:

Біз Көксайдағы 2 қабатты үйлерді 50% көшіріп болдық. 12 үйіміз бар. Мысал үшін, кейбір пәтердің мұрагерлігі бітпеген. Кейбір пәтер кепілде  тұрған. Құжаттардың бәрін бітірген соң бізге келіп жатыр. Біз келгендерге қарастырып жатырмыз.

Биыл реновация бағдарламасы аясында 103 отбасы жаңа баспанаға көшті. Көксай шағын ауданын жаңғырту жоспарына сәйкес апатты баспаналардың орнына көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар салынады. Нәтижесінде Көксай заманауи инфрақұрылымы бар, өмір сүруге қолайлы шағын ауданға айналмақ.


Бөлісу