Басты Жаңалықтар Қар, тұман, көктайғақ: ТЖД ескерту жасады

Қар, тұман, көктайғақ: ТЖД ескерту жасады

Кешелі бері ел аумағында күн райы бұзылып тұр. Кей жерлерде қар, жауын жауып, қатты жел, боран соқты. Өңірлердегі күн райын қазір әріптестерім жеткізу үшін бізбен байланысқа шығып тұр. Алдымен Алматыдан бастасақ. Күн суытуына байланысты ТЖД ескерту жасады. Жазира қайырлы күн! Мегаполистегі ауа райын өзіңіз жеткізсеңіз.

Жазира Оразқызы, тілші:

Қонысбек, қайырлы күн! Кеше Алматыда күн шығып, біраз жылынғандай болып еді. Бүгін таңнан нөсер жауып, арты қарға ұласты. Далада 1 градус жылыны көрсетіп тұр. Қалалық ТЖД тұрғындарды ауа райының күрт нашарлайтынын ескертіп, әдеттегідей тұрғындарға жолда барынша сақ болуға шақырды. Мәселен, көлік жүргізушілеріне қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлау, жарақат алмас үшін табаны тайғанамайтын аяқ киім киіп, барынша абай болу секілді қауіпсіздікке қатысты ұсыныстарын жеткізді. Синоптиктер Алматының алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын ұсынып, қар, көктайғақ, кей жерлерде тұман болып, түнде күн суытатынын айтты. Сондықтан мамандар  барынша сақтық шараларын ұстануға шақырды.

Рахмет, Жазира. Иә, күн күрт суытқанда, барынша сақтық шараларын сақтау маңызды. Жетісу мен Ұлытау облыстарында да қолайсыз ауа райына байланысты көлік қозғалысы шектелді. Қазір Жетісудағы жағдайды әріптесім Дамир жеткізеді. Дамир?

Дамир Нұрмұхамет, тілші:

Иә, Қонысбек, қазір біз Жетісу облысындағы республикалық маңызы бар автожолдың бойында тұрмыз. Ауа райының күрт бұзылуына байланысты өңірде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Бүгін сағат 10:00-ден бастап «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының 561-615 шақырым аралығында, яғни Үшарал қаласынан Абай облысының шекарасына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрінің қозғалысы шектелді. Жол қызметінің мәліметінше, бұл шешім қатты жел, қарлы боран және көріну қашықтығының төмендеуіне байланысты қабылданған. Қазіргі таңда жол бойында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр.

Еліміздің солтүстік шығыс аймағында да күн райы жайлы емес. Құтқару қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, кейбір жолдардың қозғалысы шектелді. Толық ақпаратты қазір аймақтағы әріптесіміз Ержан Жақыптан білейік. Ержан?

Ержан Жақып, тілші:

Иә, Абай облысында да бірнеше күннен бері ауа-райы құбылып тұр. Қатты боран мен көктайғақ салдарынан бірқатар жолдар жабылған болатын. Полиция қызметі мен «Қазавтожол» мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жолда қалған ондаған көлік құтқарылған.  Мәселен кешеден бері жолға шыққан көліктерге полиция қызметкерлерінің бақылауымен қозғалыс ұйымдастырылуда. Аягөз бен Қалбатау аралығында сақтық шаралары сақтала отырып 400 ден астам көлік жеткізілген. Бүгін де өңірде ауа-райы құбылып тұр. Кей жол бөліктерінде боран, кейбір жерде көктайғақ салдарынан көліктердің жүруіне шектеу қойылып жатыр. Ал облыс орталығында қатты көктайғақ болғандықтан екінші ауысымда 1-9 сынып аралығында сабақ онлайн форматқа ауыстырылды.


Бөлісу