Басты Жаңалықтар Қазақ қызы «Bloomberg» корпорациясында ЖИ жобаларына жетекшілік етеді

Қазақ қызы «Bloomberg» корпорациясында ЖИ жобаларына жетекшілік етеді

Қаржы саласындағы әлемге әйгілі «Bloomberg» корпорациясында жалғыз қазақ қызы табысты еңбек етеді.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, кәсіби маман Дана Бүкенова алпауыт компанияда жасанды интеллект саласындағы ірі жобаларды басқарады. Ол АҚШ-та мұндай жетістікке Қазақстанда алған білімі мен тәжірибесі, өзінің қажырлы еңбегі арқасында қол жеткіздім дейді. Қазақ қызының халықаралық мансап жолы қарапайым аналитик маманнан басталды. Небәрі үш жарым жылдың ішінде Дана америкалық мықты мамандармен иық тіресе еңбек етіп, жасанды интеллект пен машиналық оқыту бағытындағы маңызды жобаларға жетекшілік етіп келеді.

Дана Бүкенова Ұлттық арнаға берген сұхбатында әлемдік компанияда еңбек етіп, жинаған тәжірибесін бөлісуді, туған еліне қолдау көрсетуді өзіне парыз санайтынын жеткізді. Қазақтың қайсар қызы жастарды биікке талпынуға, әлемдік бәсекеге қабілетті болуға үндейді.

Дана Бүкенова, «Bloomberg» корпорациясының сарапшы менеджері:

Кәсіби тұрғыда өз орнымды табуым АҚШ-та – мен үшін үлкен жетістік.  Осы жерде қайтадан дата-аналитика саласына оқыдым, жаңа мамандықты меңгердім. Әлемдік компанияларда жұмыс істей алу жеткіліксіз, ол жерде көріне білу керек, бастаманы көтеру, командада ой айта алу, өз жобасын қорғау.

Тодд Бартон, «Bloomberg» корпорациясының вице-президенті:

Данамен 3,5 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Ол – біздің компаниямыз үшін өте қадірлі әрі білікті маман. Өзінің еңбекқорлығы, кәсібилігі арқасында үлкен серпіліс әкелді. Дананың күрделі, маңызды ақпараттарды нақты деректер талдауына айналдыра білуі бізді таңқалдырады.


Бөлісу