Алматыда Ш.Уәлихановтың 190 жылдығына орай ғылыми шара өтті
«Шоқан Уәлиханов және ұлттық ғылымның бастауы». Алматыда ағартушы, тарихшы, этнограф, шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай ғылыми-мәдени, танымдық шара өтті.
Кездесуде ұлы ғалымның рухани қазынасы туралы ой-пікірлер айтылды. Сондай-ақ «Шоқан шыққан шың», «Шоқан және «қазақ» термині», «Жасанды интеллект дәуіріндегі адамгершілік: Шоқаннан үйренетін 5 қағида» сияқты тың тақырыптарда баяндамалар оқылды. «Шоқан Шыңғысұлы – Орта Азия мен Шығыс халықтарының тарихы, этнографиясы мен мәдениетін зерттеген тұңғыш қазақ ғалымы. Оның қысқа ғұмырында жазып қалдырған құнды еңбектері ұлттық ғылымның қалыптасуында маңызды рөл атқарып, ағартушылық ойдың дамуына зор серпін берді», - дейді мамандар. Ал арнайы көрмеде ағартушы-ғалымның құжаттары, еңбектері, фотосуреттері мен өзі тұтынған жеке заттары ұсынылды.
Назира Дүйсембаева, Қазақстан ғылымының тарихы музейінің меңгерушісі:
Абылай ханның ұрпағы – ақсүйектер отбасы болғаннан кейін, тұтынған заттарының бәрі таза күмістен болған. Мынау парша белбеуі алтынмен зерленген. Бұлардың бәрі Шоқанның өзі ұстаған, екі ғасырға жуық дүниелер.
Ғалымжан Дүйсен, Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институты директорының орынбасары:
Зейнеп анасы, Мұса, Иса деген Зейнептің інілері Шоқанға үлкен әсер еткен. Өздері ағартушы-ғалым кісі болған. Шоқанның нағашы жағын зерттеу толық қолға алынбаған. Әрине зерттеулер бар, бірақ жеткіліксіз, зерттеу жағын қолға алу керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы