Басты Жаңалықтар Қостанай облысындағы су қоймаларының тозығы жеткен

Қостанай облысындағы су қоймаларының тозығы жеткен

Қостанай облысында былтырғы алапат тасқыннан кейін 24 гидротехникалық құрылым жарамсыз деп танылған еді. Оның бір бөлігі жөнделді, алайда әлі 17 нысан талапқа сай емес. Олардың басым бөлігі Наурызым мен Қарасу ауданында. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген Жоғарғы Тобыл, Сергеев және Амангелді су қоймаларының да жай-күйі мәз емес.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Менің ту сыртымда тұрған Қостанайдың іргесіндегі Амангелді су қоймасы. Бұл жерде тұрғындар күнделікті тұтыну үшін 6 млн текше метрден аса су жиналады. Іргесі сонау 1964 жылы салынып, қолданысқа берілген. Алайда содан бері жөні түзу  күрделі жөндеу көрмеген.

Облыста барлығы 7 су қоймасы бар. Бәрі де мемлекет меншігінде. Дені жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, жаңармаған.

Берік Қарсақбаев, «Амангелді» су торабының басшысы:

Су тасқынынан кейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл электр және механикалық бөліктері, кран асты жолдары жөнделді. Сондай-ақ көпфакторлы тексерістен кейін қазір реконструкциядан өтуге жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр.

Былтырғы Үкімет әзірлеген кешенді жоспарға сәйкес өңірде тозығы жеткен тағы 2 су қоймасына реконструкция жасау үшін құжаттары әзірленіп жатыр. Ал қалған коммуналдық меншіктегі гидроқұрылымдарды қалпына келтіру үшін былтыр облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді.

Бағлан Оспанов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Қостанай облысына «Демеу Қазақстан» қорынан 3 гидротехникалық құрылысқа 687 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда 21-нің жетеуіне облыстан ақша бөлініп, жұмыс орындалды. Ал он төрті бойынша қазір жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сарапшы Құралай Яхияеваның пікірінше, су нысандарының әбден ескіруінің себебі қаржы  тапшылығы мен жеке меншікке өтіп кетуі. Себебі кәсіп өкілдерінің қауқары алпауыт құрылымды ұстауға жетпейді.

Құралай Яхияева, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығының сарапшысы:

Жеке меншікке біздің көптеген су қоймамыз өтіп кеткен. Қазір енді оларды кері үкіметтік меншікке қайтаруды қолға алып жатыр. Ондай үлкен құрылымды эксплуатациялық шығында көтеруі мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі тозығы жеткен. Тәжірибеге қарасақ, дамыған мемлекеттер керісінше су қоймаларынан бастартып жатыр. Климаттың тұрақсыздығына байланысты. Экономиканың тұрақсыздығына байланысты біз салуға мәжбүрміз, бізге әзірге ондай қадамға баратын мүмкіндік жоқ.

Биыл «Су кодексі» жаңарды. Гидронысандардың қауіпсіздік мәселесі жеке тарауға шығып, біршама жаңашылдықтар енді.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кезіндегі су тасқынындағы мәселелер қайталанбас үшін меншік құқығы, ирригациялық кондоминиум деген түсінік енгізілді. Кім суды пайдаланады, барлығында ортақ жауапкершілік болуы керек. Жыл сайын техникалық байқаудан өтіп отыруы керек және қауіпсіздік декларациясын тапсыруы керек. Қауіпсіздіктің бәрі осылай жолға қойылады.

Мәжіліс депутатының сөзінше, еліміздегі су шаруашылығы инфрақұрылымының 60 пайызы тозған. Сондықтан кешенді жоспарға сәйкес 2028 жылға дейін 37 су қоймасы қайта жаңғыртылып, 42-сі жаңадан салынуы тиіс.


Бөлісу