Президенттің қатысуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумы өтті
Ауыл шаруашылығы дамыса, ауыл дамиды. Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші
форумында кәсіпкерлерді өз ауылын өркендетуге шақырды. Сондай-ақ Президент
қайтарылған жерлерді тиімді игеру, цифрландыру, ирригация, агроөнеркәсіп
саласын қаржыландыру тетіктеріне тоқталды. Елімізде алғаш рет шаруаларға
«Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
Рет-ретімен Раушан Сайлауқызы.
Раушан Сайлауқызы, тілші :
Малшы, диқаншы, агроном, механизатор. Бүгін астығын жинап, малын семіртіп, бау-бақшасын баптап, маңдай терімен ел ырысын еселеп жүрген 2 мыңнан астам шаруа Тәуелсіздік сарайына жиналды. Жыл бойғы еңбектің нәтижесін бағамдап, тәжірибе алмасатын игі бас қосу былтырдан бері дәстүрге айналды.
Елімізде агроөнеркәсіп саласында еңбек ететіндердің саны
1 млннан асады. 300 мыңнан астам шаруа мен фермер қожалығы бар. Ең әуелі
бүгінгі жиынға келгендермен тілдесіп, базынасын сұрадық.
Мадина
Болатбекова, наубайхана басшысы:
Енді біраз, субсидияны көбейтсе Мен үлкейгім келеді. Шығыс Қазақстан бойынша, бірақ, мүмкіндік болмай тұр. Кәсібімді шындығын айтқанда, үйде бастадым. Бір нан, екі нан пісіріп бастадым. Магазиденрге сөмкелеп тасып жүрдік.
Әсет Хайруллин, механизатор:
Мемлекеттік қолдаусыз бұл сала нашарлау болады. Сондықтан мемлекеттік қолдауды үзбеу керек. Еселеп еселеп көбею керек.
Бақыт Османов, Цитрустық
жылыжай кешенінің бағбаны:
Цирусовый мандарин, лимон, банан, ананас соларды өсіреміз. Жақсы өсіп жатыр. Халықтан сұраныс бар. Болашақта жылыжайды үлкейтіп үлкенірек көлемде өскіміз келеді.
Президент ең әуелі ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби
мерекемен құттықтап, алғысын білдірді. Биыл шаруалардың табан ақы, маңдай
терінің арқасында қанжыға майлы, қамбамыз
дәнге толды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке 7,5 миллион тонна ие болды.
Биылғы он айда ел экономикасы 6,4
пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығының да көрсеткіші қарқынды. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде
6-шы орын, ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Десе де президент ауыл
шаруашылығының әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанымызды сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа.
Мал
шаруашылығының әлеуетін пайдалану қажет
Иә,
саланы дамыту үшін сапалы жұмыс пен нақты нәтиже керек. Президент ауыл
шаруашылығын ілгерлетуге бағытталған 7
мәселеге тоқталды. Біріншіден, мал шаруашылығының әлеуетін барынша
пайдалану қажет. Бұған дейін егінге ерекше көңіл бөлінді. Енді төрт түліктің
санын еселеп, халықаралық нарыққа ет шығаратын елге айналу мүддесі тұр. Ол үшін
президент жолдауында агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырған еді. Ет
бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын
жалғастыруды міндеттеген мемлекет басшысы ветеринария саласындағы жағдайға
тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек.
Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниеті азаматтарға
беру керек
Екіншіден,
жер мәселесі. Халық жердің игілігін көруі керек. Президент тапсырмасымен, 3
жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке
қайтарылды. Сол жерлерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға
беру керектігі талай мәрте айтылды.
Бірақ, бұл маңызды жұмыстың қарқыны баяу. Президент қайтарылған жерді келер жылдың ортасына
дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу жөніндегі тапсырмасын тағы еске
салды. Қазір ауыл шаруашылығы жерлеріне
қатысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақылау жасауға және игерілмей
бос жатқан жерлерді қайтарып алуға кедергі келтіреді. Жер телімдері электронды
конкурс арқылы берілуі қажет – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс. ... Мен Жолдауымда Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырдым. Құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек.
Судың тиімділігін
арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту қажет
Үшіншіден судың тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту міндеті жүктелді. Су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Біздің ведомстволар түрлі жоспарлар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кетті. Тіпті, оның көбі өз араларында келісілмейді, оның бәрі жүрдім-бардым жасалады деп сынаған мемлекет басшысы мұндайды доғару керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуға тиіс. Бұл даусыз. Қаржыны заманауи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге беру қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспарына енгізілуге тиіс.
Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру керек
Жиында
қаузалған төртінші мәселе - агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәсілдерін
жетілдіру керек. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел
тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы
жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Сондай-ақ президент қаузаған
келесі міндет – цифрландыру. Жаңа технологиялар шаруалардың шығынын айтарлықтай
азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Президент әрбір шаруашылықтың
цифрлық технологияларды пайдалануға ниеті болғаны жөн. Тіпті мемлекеттік
қолдауды да жаңа технологияны игерген кәсіпорындарға беру керек деді.
Терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет
Алтыншы
мәселе - терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет. Өйткені
көбіне шикізат шығарумен шектеліп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет.
Жетіншіден,
Президент өнімдерімізді халықаралық нарыққа көптеп шығару міндетін
қойды. Жалпы, бұл саладағы экспорт көлемі 5 миллиард доллардан асады. Ауыл
шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экспортталады.Еліміз
астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Сонымен
қатар ұн экспорттау ісінде көш бастап тұр
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оның үстіне әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алады. Елімізде органикалық өнімдер шығару стандарттары бекітілді. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет.
Қазір
халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың
тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала
бермек. Ал ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсарады.
Сондықтан Президент қазақстандық кәсіпкерлерді ауыл-аймақты өркендетуге
шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еңбекқор, мақсаты айқын азаматтарымыз күнделікті маңдай терімен ұлттық байлығымызды еселеп, ел келешегінің жарқын болуына аянбай үлес қосуда. Мұндай іспен айналысып жатқан адамдарға қолайлы жағдай жасап, еліміздің шынайы патриоттарын ынталандырып отыру керек. Біз бұл шаруаны назардан тыс қалдырмаймыз.
Форум қарсаңында бірқатар азамат Президент қолынан
марапат алды. Солардың қатарында өз ауылын өркендетуге үлес қосып жүрген
кәсіпкер Серік Малаев та бар. 50 жылдан
бері атакәсіппен айналысқан азамат ауылдастарын үнемі қолдап келеді. Жаңа үйлер
салып, ауыл көшелерін абаттандырып, мұқтаж отбасыларға көмектеседі. Тіпті, оқушыларды тегін тамақтандыруды өз мойнына
алған.
Серік Малаев, «Ақселеу» шаруашылығының директоры:
Балабақшадан бастап, 11 сыныпқа дейін, тегін тамақтандырамыз. Сосын қосымша басқа жұмыстарға ақша бөлеміз. халыққа көп көңіл бөлу керек. Тұрған жерімізге тапқан сыйлығымызды салып халықтың қуатын көтеруге өз үлесімізді қосу керек.
Былтыр
мемлекеттік марапаттар жүйесіне «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген
қайраткері» атағы енгізілді. Бүгін алғаш рет осы құрметті атақ 4 адамға
тапсырылды. Марапат иелерінің бірі – қант зауытының басшысы Алтынбек Абатов.
Алтынбек Абатов, Қант зауытының басшысы:
Өте жақсы сезімдеміз. Президенттің қолынан осындай марапат алған. Өзім қант қызылшасын өңдеу саласында жұмыс жасаймын. Сол салада 30 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы салада механиктен басталып, кейін бас инженер, технологияға араласып, қазір сол қант зауытының басшысы қызметін атқарамын.
Марапатталғандардың арасында қарапайым шаруа еңңбеккерлері де бар. Солардың бірі он шақты жыл сауыншы болған – Гүлнәр Ұзақбайқызы.
Гүлнәр Әбдіраманова, сауыншы:
Қатты қобалжудамын. Өте қуанып жатырмын. Президенттің қолынан алу мен үшін үлкен қуаныш. Жылдан бері сауыншы болып жұмыс жасаймын. барлық мені қолдаған ұжымға алғысым шексіз.
Ал түркістандық Нұрбол Аманжолов 30 жылдан бері мал
шаруашылығымен айналысады. Асылтұқымды қойларды көбейтіп, сиыр, жылқы
өсіреді. Бүгінде атакәсіпті ұлдары да
игерген.
Нұрбол Аманжолов, кәсіпкер:
Өте қуаныштымын, біздің еңбегімізді елеп ескеріп жатықанына. Бұл салада 2002-ден бастап жүрмін. Біз қой шаруашлығымен айналысамыз. Бірінші 15-20-дан бастағанбыз. Қазір 1-2 атан малымыз бар.
Нағыз еңбек, қайнаған тірлік ауылда, ауыл шаруашылығында екені сөзсіз. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары жандар қашанда табысқа жетеді. Жиында, осындай еңбегіне адал азаматтардың бірқатары «Парасат», «Құрмет», ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы