Басты Жаңалықтар Мәйіттік ағза донорлығы адам өмірін сақтап қалуда

Мәйіттік ағза донорлығы адам өмірін сақтап қалуда

Елімізде трансплантация бойынша «күту парағында» тұрған науқастар көп болғанымен, мәйіттік ағза донорлығын жаңа деңгейге көтеру мүмкін болмай тұр. Отандық дәрігерлердің тәжірибесі мол болғанымен, қайтыс болғандардың туыстары ағзаларын алуға қарсылық танытады. Қазір ауруханаларда тек туыстық донор бойынша оталар жасалуда. Десе де базбір азаматтар туыстарының ағзаларын науқастарға беруге келісімін беріп, өмірін ұзартқан да азаматтар бар. Солардың қазіргі тіршілігімен тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы танысып қайтты.

Арыс қаласының тұрғыны Бақыт Әтірбеков бес жыл бұрын бауыр церрозы ауырына шалдыққан. Бірақ ауыр дертке шалдыққанын кеш біліпті. Дәрігерлер оған бауырын тек ауыстыру ғана аман алып қалатынын жеткізген. Ал шетелде донор табу қымбат болған соң, науқас тек күту парағына жазылған. Араға бір жыл салғанда оған мәйіттік донор табылып, бауырын алмастырған. Алты баланың әкесі қазір жұмыс істеп, қалыпты өмір сүруде. Үнемі дәрігерлерге келіп қаралып тұрады.

Бақыт Әтірбеков, Арыс қаласының тұрғыны:

Ол донор жеті адамға донор болды. Ол кісіден жеті мүшесі алынды. Негізі мені 47 мың доллармен Белорусь еліне жіберетін болып жатқан. Сол жаққа барып ауыстырсаңыз, сондай сумма болады деді. 47 мың долларды мен таба алмаймын ғой. Негізі мәйәттік донорды қолдау керек. Қолдайтын болса, қанша адам отыр ғой, диалезде жатыр. Солар мен сияқты жақсы болар еді.

Ал Ордабасы ауданының тұрғыны Кеңесбай Дәрменов мәйіттік донордан жүрегін алмастырған. Алпыс жастағы азаматқа жас жігіттің жүрегін қойған. Қазір жүрегім сағат сияқты жұмыс істеп тұр деп қуанады ел ағасы. Денсаулығына қарап, үйдің шаруасына да жарап қалғанына шүкіршілік етеді.

Кеңесбай Дәрменов, Шұбарсу ауылының тұрғыны:

Бірінші Алла, сосын Максимның ата-анасының рұқсаты. Максим інімізге де ауыр жағдай ғой, оларға да семьясына қиын жағдай, Бірақ әке-шешесі ризашылығын берді ғой.

Бүгінде облыста 600-ден аса науқас бауырын алмастыруды күтіп жүр. Сондай-ақ 700-ден аса адамға бүйрегін алмастыру қажет. Барлығына донор тапшы. Басым көпшілігінің шетелде алмастыруға жағдайы көтермейді. Дәрігерлер негізінен туыстық трансплантация бойынша оталар жасалып жатқанын айтады.

Нұрлан Мәуленов, облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

Қазір бізде 36 бүйрек ауыстырылды. Жақында ғана 4-ші бауыр трансплантациясы өтті. Бауырын ауыстырғандардың жағдайлары тұрақты. Үшеуі үйінде. 4-ші науқас бізде қазір ауруханамызда жатыр.

Жаһандық статистикаға жүгінсек, дүниежүзі халықтарының 80 пайызы мәйіттік донорға, 20 пайызы туыстық донорға жүгінеді екен. Бізде дәрігерлер мәйіттік донордың көмегі туралы жиі айтқанымен,  жұртшылық оны түсіне бермейді. Сондықтан оны құқықтық тұрғыда реттейтін тиісті заң қажет деп санайды.


Бөлісу