Басты Жаңалықтар Жылына 500 мың тоннадан аса нан өндіріледі

Жылына 500 мың тоннадан аса нан өндіріледі

Елімізде жылына 500 мың тоннадан аса нан өндіріледі. Әр үйдің дастарханынан табылатын асқа сұраныс артып, нан өнеркәсібі өркендеп келеді. Әлемде 16 қазан - нан күні ретінде мерекелер күнтізбесіне енген. Осыған орай, тілшіміз Әділбек Серікұлы Сыр өңіріндегі ең үлкен наубайханада болып, жұмыс процесін көріп келді.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Біз тұрған цехта 100-ге жуық нан өнімі шығады. Бұрын көп жұмыс қолмен жасалса, қазір озық технологиялар өндіріске енген. Арнайы қондырғыларда ұн иленіп, қамыр ашытылады. Одан кейін ашыған қамыр автоматты түрде өлшеніп, кесіліп, қалыпқа салынады.
Аймақ үшін маңызды жобаға жергілікті кәсіпкер қомақты инвестиция құйған. Жаңа кәсіпорын тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Қала халқының сұранысын қамту үшін цехта жұмысшылар екі ауысыммен күні-түні нан пісіреді.
Мөлдір Мақсұтова, маркетолог:
Өндірістік құрал-жабдықтар толық автоматтандырылған. Наубайханада 30 адам жұмыс істейді. Нан тәулігіне 7 тонна өндіріледі. Халықтың нан өнімдеріне талабы өте жоғары. Соған сәйкес, нанның көп түрлерін шығарып жатырмыз.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Цехта осындай үлкен пештер бар. Мұнда 200 градус отта нан пісіріледі. Әр 45 минутта пештен ыстық нан шығады. Міне, біреуі дайын болыпты. Әдемілеп қапталып, дүкенге жөнелтіледі.
Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 326 мың тонна нан өндірілген. Көрсеткіш жыл сайын ұлғайып келеді. Нарық талабына сай нанның түрлері де көбейген. Дегенмен, дайындалатын ассортименттің 60 пайызы кәдімгі бөлке нанды құрайды.
Бақытжан Қадіров, наубайханашы:
Сексен түрлі нан, булочка пісіріледі, батоның бар, багетің бар, ржаной сияқты. Негізгі бөлке нанды көп шығарамыз. 10-15 мың бөлке нан шығарамыз 24 сағатта.
Жалпы нан өнеркәсібінің дамуына бүгінде мемлекет тарапынан айрықша қолдау бар. Елімізде жылына 2 мың тоннадан астам нан-тоқаш немесе кондитерлік өнім өндіретін кәсіпорындарға инвестициялық шығынының 25 пайызы өтеледі.

Бөлісу