Ақмола облысында 2 ауылға бір күнде табиғи газ берілді
Ақмола облысына қарасты Талапкер және Ыбырай Алтынсарин ауылдарына газ келді. Көмір жағып, қыстан қамығып шығатын 80 мың тұрғын енді көгілдір отынның игілін көреді.
Тұрмысы жайлана түскендердің бірі – Ыбырай Алтынсарин ауылында тұратын Қойбағаровтар отбасы. Талай жыл тонналап көмір алып, пеш жағудың азабын көрген олар енді бұл машақаттан құтылды.
Рахима Қойбағарова, ауыл тұрғыны:
Көмірге біраз ақша кететін, бір жылда 10 тонна алатынбыз. Өте қиын болатын көмір әкелу, оны кіргізу, шығару. Ауылымыз, өзіміз өте-өте қуаныштымыз.
Екі ауылға газ өткізуге бюджеттен 6 млрд 300 миллион теңге бөлінген. Көгілдір отынды үйге дейін өткізу үшін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қаржылай көмек те қарастырылған.
Уәлихан Қымбатов, «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Астана филиалының директоры:
Үкіметпен бірлесіп, мұқтаж топтарға жеңілдік жасадық. Газдың бағасы текше метріне 44 теңге болса, мұқтаж жандарға 30 пайыз жеңілдік беріледі.
Талапкер ауылында 1000 түп көшет егілді
Биыл газ өткізуден бөлек, қос ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, көркейту көзделіп отыр. Жасыл желекті көбейтуге де ден қойылмақ. Бұған Талапкер тұрғындары қазірден қамданып жатыр.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Ауыл тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясының аясында бүгін 1 мың түп көшет отырғызды. Жұртты жұмылдырған берекелі бастамаға 500 адам таңсәріден білек сыбана кіріскен. Өйткені жуырда ашылған бұл саябақта әзірге тал-терек жоқ. Енді тамырын тереңге тартып, жапырағы жайқалып өсетін қайың мен үйеңкі талай буынға сая болады.
Ауылдағы тәртіпті жасанды интеллект бақылайды
Саябақтың күтіп-бапталуын жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейтін камералар бақылап отырады. Жаңа өскіндерді ешкім сындырып кетпесін, уақытылы суарылып тұрсын деп бірнешеуі саябаққа орнатылған. Жаңа жүйе вандализмді, өзге де заңға қайшы әрекеттерді бірден полиция учаскесіне хабарлайды.
Диас Мұратұлы, мердігер:
Талапкер ауылына 140 камера орнатып жатырмыз. Енді бастадық. Бұл жасанды интеллект. Оған не кіреді? Мысалы, адам жүргенде қоқыс лақтырса диспетчерге хабарлама келеді.
Бүгінге дейін заманауи үлгідегі 100-ден астам камера орнатылған. Сондай-ақ, сол бейнебақылаудағы жазбаларды өңдеп, ауылдың тыныс-тіршілігін бақылауға мүмкіндік беретін жаңа орталық салынды.