Басты Жаңалықтар Қордай қойнауындағы алтын кенін игеру басталды

Қордай қойнауындағы алтын кенін игеру басталды

Қордайдың қойнынауында құны 12-15 трлн теңге болатын алтын жатыр. Кәсіпкерлер қазба байлықты барлап, өңдеуге кірісті. Дәлірек айтқанда, Қордайдағы «Шоқпар – Гагаринское» тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Жалпы құны 47 млрд теңгені құрайтын жобаның ресми түрде іргетасының қалануына аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев қатысты.

Шоқпар және Гагарин тау бөктерінде төрт түрлі металл өндіріліп, өңделеді. Атап айтқанда, алтын, күміс, мырыш және қорғасын концентраттары. Жобаға биыл 10 млрд теңге инвестиция тартылған. Өндіріс ошағы бір жылда 500 мың тонна кен өндірмек. Комбинат құрылысын аяқтау мерзімі 2027 жылға белгіленген. Ресми құжат бойынша қазба-байлыққа толы жерді қолдану 2038 жылға дейін рұқсат етілген.

Семён Хан, жоба басшысы:

Біздің өндіріс ошағының ерекшелігі біздегі құрылғы, технологиялар барлық полиметал кенді өңдей алады. 500-дей адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Жалпы, жоба 1100 гектар аймақты алады. Жергілікті әкімдік тарапынан жерді рәсімдеу мен мамандарды тарту жағынан көмектер көрсетілді. Біздің инвесторлар мен мамандардың бұл салада 15 жылдай тәжірибесі бар.

Қазір алтынның бағасы рекордтық көрсеткішке жетті. Өңірде оны өңдеудің ошағы – Мойынқұм саналса, енді Қордай да сол қатарға қосылмақ. Ауданда бір емес, 4-5 ірі және 5-6 орташа кен орындары бар дейді мамандар.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Біздің Қордай ауданында кен орындары, алтын кен орындары құны алтынның бағасына санаған кезде 12-15 трлн теңге жатыр. Осыны өңдеудің іске асырудың бастапқы жобасы осы «Шоқпар- Гагаринское». Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге береке, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!

Айта кетсек, аймаққа биылғы тоғыз ай ішінде 490 млрд теңге инвестиция тартылған. 2025-2028 жылдары 62 жоба жүзеге асады. Оның жалпы құны 3,5 трлн теңгені құрайды. Нәтижесінде 6500 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Ал биыл сол аталған жобалардың 30-ы іске асырылуда.


Бөлісу