Ақмола облысында 6 мал бордақылау алаңы ашылады
Ақмола облысының Ерейментау ауданында 10 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы ашылды. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ет кластерін қалыптастыру тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр. Жалпы тұжырымдама аясында өңірде 3 асыл тұқымды мал өсіру репродукторлық орталығын, қуаттылығы 150 мың басқа арналған 6 мал бордақылау алаңын және заманауи ет өңдеу кешенін құру көзделген.
Жоба аясында 1100 бас австралиялық дорпер тұқымды қойының алғашқы легі әуе рейсімен өткен аптада жеткізілді. Жалпы Ерейментау ауданындағы ірі шаруашылық иесі шетелден 4 мың бас асыл тұқымды қой сатып алған. Ол үшін «Береке» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алыпты.
Айдар Нығметов, серіктестік жетекшісі:
Біз 2029 жылға дейін қойдың аналық басын 10 мың басқа және алдағы уақытта селекциялық жұмыстардың есебінен жалпы мал санын 100 мың басқа жеткіземіз. Сөйтіп, алдымен отандық нарықты қой етімен толық қамтамасыз етеміз.Сонымен қатар апта сайын жақын және алыс шетелдерге, әсіресе Таяу Шығыс елдеріне 20 тонна ет экспорттайтын боламыз.
Биыл өңірде «Береке» бағдарламасы аясында 15 млрд теңгеге 6 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде жылдың соңына дейін асыл тұқымды 10 мың бас ірі қара және 6 мың бас қой жеткізілмек. Ал алдағы уақытта осы малдардың санын арттыра отырып, 5 ауданда репродукторлық орталықтар ашылады.
Нұрбек Бадырақов, облыстық а/ш басқармасының басшысы:
Ет кластерін қалыптастыру тұжырымдамасы аясында Ақмола облысына жалпы жыл сайын 50 мың бас ірі қараны әкелуді көздейміз. Бұл өз кезегінде облыстағы алдағы 2031 жылы 1 млн 300 мың басқа дейін ірі қара малдың санын жеткізуге мүмкіндік береді және сиыр еті өндірісін 7 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік жол ашады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы