Басты Жаңалықтар Жылу маусымы жылдағыдан 20 күн ерте басталды

Жылу маусымы жылдағыдан 20 күн ерте басталды

Аймақтарда жылу жылдағыдан ерте беріле бастады. Оған күннің күрт суытқаны себеп. Шаһарларда жылу құбырларын жөндеу, жылу электр орталықтарын жаңғырту аяқтала келді. 

Павлодарда жылу жылдағыдан 20 күн ерте берілді. Қазір облыс орталығындағы үш станса бірдей жұмыс істеп тұр. Екібастұз бен Ақсу қалаларында да гидравликалық және температуралық сынақтар кезінде анықталған ақаулар тегіс жойылды. Бөле айтары, биылғы жылы Павлодар қаласындағы қыста жиі ақау шығатын жылу магистральдары күрделі жөнделді. 11 нысан бойынша ішкі жылу тасымал желісінде 20 шақырымнан аса құбыр алмастырылды.

Әнуарбек Аманов, Павлодар қаласы әкімнің орынбасары:

Ең көп ақау шығатын үш магистралде толықтай жұмыстар аяқталды. Жиі-жиі ақаулар шығатын жерлерді ауыстырдық. Қосымша бізде ТМ-32, ол Ломов пен Қамзиннің қиылысында ауыстырылды. Толықтай жұмыстар аяқталды.

Аягөздіктер жылудан таршылық көрмейді

Аягөз қаласындағы орталық қазандықтың қуаты үш есеге дейін арттырылды. Мұндай ауқымды жұмыс шаһарда бұрын-соңды жүргізілмеген. Мемлекет есебінен бөлінген қомақты қаржыға үш қазандықтың негізгі агрегаттары жаңаланып, автоматика және қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Қазандық қуаты молайғандықтан, жылу көзіне басқа да тұрғын үйлерді, бизнес, әлеуметтік нысандарды қосуға мүмкіндік туып отыр. Осылайша жылда қыс мезгілінде мәселеге айналатын түйткіл шешілді дейді мамандар.

Андрей Сачков, Қазандық басшысы:

Жылу нысаны жөнделіп жатыр. Қуатты 22 Гкал-ға дейін арттыру үшін жаңа қазандықтар орнатылуда. Яғни, жылу бұрынғыдан үш есе артады, бұл қазандық Аягөз қаласының басым бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта бізге 1926 абонент қосылған. Тұрғындар енді жылдағыдай жылудан таршылық көрмейді деп ойлаймын.

Тұрғын үйлерге жылу беріле бастады

Ал Оралда бүгіннен бастап тұрғын үйлерге жылу беріле бастады. Шаһарда 1217 үй бар. Солардың 95%-ының техникалық төлқұжаты дайын. Ал басқарушы ұйымы жоқ үйлер, яғни дені бұрынғы  жатақханалардың мәселесі біртіндеп шешіліп, жылуға қосылады. Қалада жылу құбырлары ауыстырылып, ірі магистраль жаңғыртылып жатыр. Соңғысын жөндеуге қазынадан 9,7 млрд теңге бөлінді.

Бекболат Қамешев, Жылу электр орталығы бас директорының міндетін атқарушы:

Мына бір-екі күнде біз тек 5 қабатты үйлерге жылу қосамыз. Екі-үш күннен кейін 5 қабаттан астам үйлерге жылу береміз. 4 шақырымдық құбыр ауыстырылып жатыр, екеуін қосқанда 8 шақырым. Бүкіл жұмысты 12 қазанға дейін бітіреміз.

Барлық нысан жылуға қосылды

Шығыс Қазақстан облысындағы барлық нысан жылуға қосылды. Өңірдегі 190 дербес және 33 орталықтандырылған қазандық толық әзірленді. Жылу, электр желілері, қосалқы станциялар мен трансформаторлық пункттер жөнделді. Оған қоса өңірдегі ірі үш жылу электр орталығы да толығымен іске қосылды. Ал Риддер жылу электр орталығында 6 қазандықты жаңарту аяқталды.


Бөлісу