Басты Жаңалықтар Батыс Қазақстан облысында қару-жарақ пен киік мүйізі тәркіленді

Батыс Қазақстан облысында қару-жарақ пен киік мүйізі тәркіленді

Батыс Қазақстан облысында қыстақтағы шаруа қожалығынан қару-жарақ пен оқ-дәрі табылды. Тәртіп сақшылары үй ішінен қолдан жасалған атыс құрылғысын, екі аңшы мылтығын, екі шолақ мылтық, түрлі калибрдегі 104 оқ-дәрі және 30 дана киік мүйізін тәркіледі. Үй иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жалпы, өңірде өтіп жатқан «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы барысында заңсыз сақталған 16 қару тәркіленді. Оның ішінде 10 аңшы мылтығы, 2 шолақ мылтық, винтовка, травматикалық қару және өзге де 2 қару бар. Сонымен қатар 164 оқ-дәрі алынды, оның 7-еуі – ойық ұңғылы, 157-сі – тегіс ұңғылы қаруға арналған. Облыстық Полиция департаменті заңсыз қаруды анықтау және тәркілеу «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жалғасатынын атап өтті.

Бөлісу