Еңбек құқығын қорғау — тұрақтылық кепілі
Жұмысшының құқығын қорғау – елдің болашағын қорғау. Биыл елімізде барлығы 33 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалған. Еңбек адамдарының міндеті мен қауіпсіздігі мемлекеттік бақылау арқылы қамтамасыз етіледі. Жұмысшылар қандай талаптарды білуі тиіс?
Жарылғап Қалимов жылу қуат орталығында 20 жылдан бері машинист болып еңбек етіп келеді. Қауіпті әрі стратегиялық нысанда еңбек қауіпсіздігінің сақталуы аса маңызды. Мұндағы мыңнан астам жұмысшының құқығын кәсіподақ ұйымы қорғайды.
Жарылғап Қалимов, аға машинист:
Мұның ішінде судың, будың неше түрлі схемалары болады. Соның бәрінің техникалық қауіпсіздігі сақталады. Кәсіподақтан да түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Көп көмегін тигізіп жатыр. Мен, иә, өз құқығымды білемін. Биыл Жұмысшылар жылы деп жатырмыз. Соған орай көптеген жағдай жасалып жатыр. Жалақымыз уақытылы беріледі. Демалыс орындарына жіберіп жатыр.
Аймақтағы кәсіподақ орталығы 70 мыңдай жұмысшыны қамқорлығына алған. Жетекші ұйым 10 салалық, 15 локалдық кәсіподақ пен мыңға жуық бастауыш ұйымнан тұрады. Қызметкердің ақ адал еңбекақысын алуына, ең төменгі жалақыны көбейтуге, еңбек қауіпсіздігін сақтауға, яғни жарақаттардың алдын алуға мүдделі. Биыл 1500 адамға емдеу-сауықтыру жолдамасы берілген. 700-дей адамның еңбек дауы бойынша құқығы қорғалған.
Айгүл Есекенова, облыстық кәсіподақ орталығының төрайымы:
Әрбір мекемеде ұжымдық шарт болуы керек. Ондай құжат болмаса, барлық қиындық содан шығады. Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Бүкіләлемдік Еңбек ұйымына кіреді. Солардың 131-ші Конвенциясы бар. Мәжілісте бұл Конвенция қабылданды. Енді Сенат пен Президент қол қойса, бізде ең төменгі жалақы көбейеді деген үміт бар.
Биыл елде мемлекеттік еңбек инспекциясы 4 мыңнан астам тексеру жүргізген. Нәтижесінде 4700-дей құқық бұзушылық анықталып, 2 мыңнан астам нұсқама берілген. 332 млн теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ, 3400 қызметкердің 1,2 млрд теңге жалақы берешегі өтелген. 8 айда өндірісте зардап шеккендердің саны былтырғымен салыстырғанда 6,1%-ға қысқарған.
Қазбек Жұмагереев, облыстық еңбек инспекциясы департаменті бөлімінің бас маманы:
2024-2030 жылдарға Еңбек қауіпсіздігі бойынша тұжырымдама бекітілді. Сол құжат бойынша көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Биыл жазатайым оқиғалар саны 50%-ға азайды. Жұмыс берушілерге түсіндіріп айтамыз: жұмысшылармен екі ортада міндетті түрде еңбек шарты болуы керек.
Әр қызметкер жұмыс берушіден, ең алдымен, еңбек шартын талап етуі керек. Соған сай өз міндетін мүлтіксіз орындап, құқығын біліп жүргені абзал. Елімізде жұмысшылардың құқығы Еңбек кодексі заңнамасымен реттеледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
